Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымына жол бермеу және қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Өскемен қаласында кезекті профилактикалық акция ұйымдастырылды.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Өскемен қаласының прокуратурасы, «ESBOL QORY» фронт-офисі және Jas Orta жастар қанатының еріктілерінің бастамасымен өткізілді. Акцияға Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері де белсенді қатысып, азаматтық жауапкершілік пен қоғам қауіпсіздігіне деген бейжай қарамайтын көзқарастарын көрсетті.
Профилактикалық іс-шара барысында тұрғын үйлер аумағында заңсыз есірткі айналымына қатысты интернет-ресурстар мен өзге де ақпараттарды насихаттайтын жазулар анықталып, боялып өшірілді. Нәтижесінде есірткі жарнамасына қатысты көптеген заңсыз жазбалар жойылды.
Сонымен қатар акция қатысушылары тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты ақпараттар мен жарнамалар анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажеттігін түсіндірді. Азаматтарға мұндай фактілерді байқаған кезде ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының сенім телефонына хабарласу ұсынылды.
ШҚТУ студенттерінің осындай қоғамдық маңызы бар шараларға қатысуы жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және есірткіге қарсы иммунитетті нығайтуға ықпал етеді.





