Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Серпін–2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім алып жатқан студенттері мәдени-танымдық іс-шара аясында театрға барып, «Ғашықтар хикаясы немесе общагадағы серілер» атты қойылымды тамашалады.
Студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, рухани-мәдени дамуына қолдау көрсету және өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл мәдени шара жастарға ерекше әсер сыйлады.
Қойылымда студенттік өмірдің қызықты сәттері, жастық шақтың жалынды сезімдері, шынайы махаббат, достық пен адалдық тақырыптары әсерлі сахналық көріністер арқылы көрермен назарына ұсынылды. Әзіл мен сырға, қуаныш пен сезімге толы қойылым жастардың көңілінен шығып, ерекше ықыласқа бөленді.
Театрға бару студенттер үшін күнделікті оқу үдерісінен бір сәт сергіп, рухани демалуға, мәдени дүниетанымын кеңейтуге және өзара достық қарым-қатынастарын нығайтуға тамаша мүмкіндік болды.
Осындай мәдени іс-шаралар «Серпін–2050» бағдарламасы студенттерінің жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына және студенттік өмірлерінің қызықты әрі мазмұнды өтуіне оң ықпал етеді.
Қойылым соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, көтеріңкі көңіл күймен оралды. Театр кеші жастардың есінде жарқын әсер қалдырған ерекше мәдени демалыс болды.