Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық іс-шаралардың бірі – Digital Bridge Astana 2025 форумына қатысты. Форум 2–4 қазан аралығында Астанадағы EXPO IEC аумағында өтті.

Биыл форумның тақырыбы – “Generative Nation”, ол Қазақстандағы жасанды интеллект пен инновациялық технологиялардың дамуын айқындайды. Digital Bridge дәстүрлі түрде мемлекет, бизнес, стартаптар мен халықаралық компания өкілдерін біріктіреді. 2025 жылы форумға 30 мыңнан астам қатысушы1000 спикер500 стартап және 100-ден аса елден делегаттар жиналды.

Іс-шарада әлемдік деңгейдегі технологиялық көшбасшылардың сөз сөйлеуі ерекше назар аудартты. Форумның басты қонағы — Telegram мессенджерінің негізін қалаушы және бас директоры Павел Дуров болды. Ол алғаш рет Қазақстанға келіп, цифрлық еркіндік пен деректердің қауіпсіздігі туралы көзқарасымен бөлісті. Сондай-ақ форумға Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Ломтадзе және Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов қатысты. Олар қаржылық технологиялардың дамуы мен Қазақстанның халықаралық IT-экожүйедегі рөлі жайлы айтты. Шетелдік қонақтардың ішінде Қытай кәсіпкері, Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының негізін қалаушы, жасанды интеллект саласының жетекші маманы Кай-Фу Ли ерекше көзге түсті. Сондай-ақ форумда Оңтүстік Корея, Қытай, Еуропа және АҚШ-тың ірі технологиялық компаниялары мен венчурлық қорларының негізін қалаушылары, зерттеу институттарының өкілдері сөз сөйледі.

ШҚТУ студенттері көрме аймағында болып, білім беру тректері мен шеберлік сабақтарына қатысты. Олар AI, FinTech, AgriTech, GovTech және стартап индустриясы бағыттарындағы заманауи шешімдермен танысты. Мұндай іс-шаралар студенттердің кәсіби қабілеттерін арттырып, кәсіпкерлік ойлауын дамытып, алған білімдерін университеттік жобаларда қолдануға мүмкіндік береді. Қатысушылардың айтуынша, форум әлемдік технологиялық үрдістермен танысып, тәжірибе алмасуға және цифрлық экономиканың көшбасшыларынан шабыт алуға зор мүмкіндік болды.