Ағымдағы жылдың 23 мамыры күні Шығыс Қазақстан облыстық драма театры және Шығыс Қазақстан облысының Дін істері басқармасы бірігіп Өскемен қаласындағы оқу ордаларының: мектеп, колледж, университет білім алушыларының назарына Египеттің бальзагы атанған драматург Нагиб Махфуздың «Біздің көшенің аңыз-әпсаналары» шығармасының желісімен сахналанған «Үлкен үй» қисса-драмасын ұсынды. Біздің студенттер мен оқытушылар да осы қойлымының көрермені болды.
Театр актерлары өз өнерлері арқылы астыртын түрде отбасылық қарым-қатынастың бұзылу себептері, бала тәрбиесіндегі олқылықтар, қоғамдық қатынастардағы шиеленістер, рухани-адамгершілік пен имандылықтың құлдырауы сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Бір шаңырақтан тараған бірнеше ұрпақ туған әкелерінен теріс бата алып, артынша Ібілістің азғыруына түсуі спектакльдегі оқиғаны күрт шиеленістірді.
Спектакль басталмас бұрын «Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теологы Қанапиянов Ернұр діннің атын жамылған жат ағымдардың қоғамға қауіптілігі мен оның алдын алу жолдары жөнінде жастарға ақпарат беріп өтті.
Мағыналы спектакль көрерменге терең ой салды. Әсіресе, жас жеткіншектерге өмірде қандай да бір шешім қабылдауда дұрыс жолды таңдауға жөн сілтеді.
Театрға бару шарасын ұйымдастырған Әлеуметтік және жастар саясаты департаменті.