27 шілде 2016 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-іне Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Алтай ауданынан арнайы сапармен делегация келді. Олардың келу мақсаты: университетпен танысу, тәжірибе және студенттермен алмасу, сондай-ақ, түрлі бағыттар бойынша Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-мен бірлесіп жұмыс істеу. Делегацияны басқарып келген Шыңжаң Алтай аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айқын Асылхан мырза. Сондай-ақ, делегация құрамында Алтай ауданының Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Ачжати Далели, Алтай ауданы Денсаулық сақтау мектебінің директоры Цзи Фынся, Алтай ауданы №1 орта мектебінің директоры Ян Цзюнь Минь, Алтай ауданының «Оралмандар қоғамы» басшысының орынбасары Иербахети Хали болды.
Делегация өкілдері университеттің ғылыми-зерттеу кешендерін, атап айтсақ, "Металлургия және материалтану" ғылыми-өндірістік кешенін, "Мехатроника, аспап жасау және энергетика"ғылыми-білім беру кешенін, «Іргетас» аймақтық зертханасы мен тәжірибелі-өндірістік учаскелерді аралады.
Дөңгелек үстелде қонақтар ынтымақтастық және бірлесіп жұмыс істеу мәселелерін талқылады. Қонақтардың сапары Ресей, Моңғолия, Қытай және Қазақстан аумағында жүзеге асырылып жатқан "Жібек жолы" және "Үлкен Алтай" трансшекаралық бағдарламаларының аясында өткізілді. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-і атынан ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор О.Д.Гавриленко, оқу –әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Н.Н.Линок, академиялық қызмет басқармасының басшысы Г.Ж.Солтан және алдын-ала даярлау, университетке түсу, түлектерді жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы А.Б.Адылхан сөйледі. Қонақтар мен университет қызметкерлері «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдіріп, ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сапарды қорытындылай келе, делегация жетекшісі Айқын Асылхан залда отырғандарға жемісті кездесу үшін алғыс айтып, қазақстандықтарды өз өлкесіне қонақ болуға шақырып, жалпы, университет жұмысын өте жоғары бағалап, ризашылығын білдіріп қайтты.