Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында халықаралық "Жеңіс Эстафетасы" салтанатты түрде Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына табысталды. Эстафета аясында Өскемен қаласындағы "Жеңіс" мемориалдық кешенінде гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіліп, ардагерлерге құрмет көрсетілді. Іс-шараға ШҚО әкімдігі өкілдері, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері, ардагерлер, мектеп оқушылары және университетіміздің әскери кафедра студенттері қатысты.

"Жеңіс Эстафетасы" — бұл тек символ емес, ол ұрпақтар сабақтастығының, бірлік пен достықтың нышаны. Ресейден арнайы жеткізілген символдық эстафета Қазақстанның әр өңіріне ұсынылатын болады.

"Жеңіс Эстафетасы – 2025" дәстүрлі түрде екі бағыт бойынша Брест қамалынан және Мурманск қаласынан басталып, 28 мамырда Мәскеуде аяқталады. Қазақстан тарапы эстафетаны құрметпен қабыл алып, оны елдің барлық аймағына жеткізіп, кейін Қырғыз Республикасына табыстайды. Бұл бастама Қазақстан, Ресей және ТМД елдері арасындағы достық байланыстарды нығайтады.

Іс-шараның мақсаты — Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің тарихи маңызын мәңгі есте сақтау, ардагерлерге құрмет көрсету және жас ұрпаққа тарихи құндылықтарды сіңіру.