Шығыс Қазақстан техникалық университетінде (ШҚТУ) өткен ерекше танымдық дәріс студенттер үшін үлкен маңызға ие болды. Бизнес мектебінің «ҚТжӘСП» кафедрасының «Алтын бесік - Мұзтау» клубының студенттері «ШҚО шеберлерінің бұйымдарындағы дәстүрлер мен қазіргі заман» тақырыбында терең білім алды. Бұл дәріс қазақ халқының қолөнерінің ерекше жауһарларын сақтап, заманауи талаптарға сәйкес қалай дамып келе жатқанын көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Дәрісті Шығыс Қазақстан облысының сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының ғылыми қызметкері Ж.Т. Рахатова өткізді. Ол қазақтың дәстүрлі қолөнері - киіз басу, тоқымашылық, бізкесте, құрақ құрау, шымши тоқу және ағаш ою сияқты қолөнер түрлеріне терең тоқталды. Бұл өнер түрлері халқымыздың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Заманауи шеберлер осы дәстүрлерді сақтап, оларды өз жұмысында жаңа технологиялар мен тәсілдермен үйлестіріп, жаңаша стильде ұсынуда.
Шара барысында студенттерге тақырып бойынша слайд-презентация, фото және видео-роликтер ұсынылды, бұл олардың көрнекі түрде дәстүрлі қолөнердің ерекшеліктерін терең түсінулеріне мүмкіндік берді. Сонымен қатар, қазіргі заманғы шеберлердің жұмыстары мен бұйымдарының дизайнында орын алған жаңа үрдістер, инновациялар мен шығармашылық көзқарастар туралы да мағлұматтар берілді.
«Алтын бесік - Мұзтау» клубының 23-ЗКК-1, 23-ВРК-1, 23-ГТК-1 және 23-ЗКК-3 топтарының студенттері үшін бұл шара ерекше тәжірибе болып қалды. Олар тек білім алып қана қоймай, қазақ қолөнерінің қайталанбас дәстүрлеріне деген құрмет сезімін қалыптастырып, өздерінің болашақ жұмыстарына да осы құндылықтарды енгізу жолдарын іздейтін болады.
Қорыта айтқанда, осындай дәрістер жастардың рухани байлығын арттырып, мәдениетке деген қызығушылықтарын оятады. Бұл шара ШҚТУ-дің ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызды қадамы болып саналады.