Астана қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұйымдастырған «Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету: жағдайы мен даму бағыттары» атты форум өтті.
Форум жұмысына университеттің ректоратының өкілдерімен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, аккредитациялық агенттіктердің және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Ауқымды іс-шара жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының басшыларын, халықаралық сарапшыларды, сондай-ақ білім беру сапасын бағалау және қамтамасыз ету саласындағы мамандарды бір алаңға тоғыстырды. Форумның алғашқы күні QAA, ASIIN және НААР жетекші аккредитациялық агенттіктерінің қатысуымен халықаралық воркшоптар ұйымдастырылып, университеттерді халықаралық аккредитацияға дайындау, сапа мәдениетін қалыптастыру және білім беру қызметтерінің экспортын дамыту мәселелері талқыланды.
Форум аясында PhD докторанттарының ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін бағалаудың жаңа тәсілдеріне, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйелерін дамыту мен жетілдіруге, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы реттеуші және рұқсат беру саясатына арналған тақырыптық сессиялар өтті.
Форумның негізгі оқиғасы жоғары білім беру мен ғылым сапасын қамтамасыз ету жүйесінің қазіргі ахуалы мен даму перспективаларына, сондай-ақ заманауи технологиялық және нормативтік өзгерістердің университеттер қызметіне ықпалына арналған пленарлық отырыс болды.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар жоғары білім беру сапасын арттыру тетіктерін одан әрі жетілдірудің, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің және үздік шетелдік тәжірибелерді ұлттық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне енгізудің маңыздылығын атап өтті.