25 қазан – Республика күніне орай Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT колледжінде алғашқы әскери дайындық пәні аясында «Біз ұландармыз, Отан қорғау жолында қырандармыз» тақырыбында ерлік сабағы өткізілді.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Сабақ барысында студенттерге отансүйгіштік, азаматтық жауапкершілік және ел қорғау міндетінің маңызы туралы түсіндірілді.

Студенттер Калашников автоматын толық емес бөлшектеу және жинау, сондай-ақ оқжатарды белгіленген уақыт ішінде жабдықтау бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Практикалық тапсырмалар олардың әскери даярлық дағдыларын жетілдіруге, жинақылыққа, тәртіпке және жауапкершілікке баулуға бағытталды.

Сабақ барысында Отанды қорғау – Қазақстанның әрбір азаматының абыройлы міндеті екені атап өтілді. Ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді ерлікпен қорғап, оны келер ұрпаққа аманат етіп қалдырғаны туралы тағылымды әңгіме өрбіді. Жастарға тарихи мұраны құрметтеу, ел бірлігін сақтау және туған жерге адал қызмет ету қажеттігі түсіндірілді.

Іс-шараны ШҚО РҚБ «Бейбітшілік шарты» әскери күштер ардагерлері ұйымының төрағасы Т.М. Егембердинов өткізді.

Ерлік сабағы студенттердің патриоттық сезімін нығайтуға, әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіруге және Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталды.