Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бірінші курс студенттеріне арналған бейімделу апталығы аяқталды. Қорытынды күннің бағдарламасы қаржылық қауіпсіздік, психологиялық бейімделу және әлеуметтік ортаға кірігу бойынша практикалық сабақтарды, сондай-ақ университеттің сабақтан тыс өмірімен танысуды қамтыды.
Мектептен университетке қадам басу - жаңа білім беру ортасына бейімделуді, дербестік пен жауапкершілікті талап ететін маңызды кезең. Сондықтан бейімделу апталығы бірінші курс студенттерін ШҚТУ-дың құрылымымен таныстырып қана қоймай, оларға саналы шешім қабылдауға, оқу жүктемесін дұрыс басқаруға және студенттік өмірге белсенді араласуға көмектесетін дағдыларды қалыптастыруға бағытталды.
Күннің негізгі тақырыптарының бірі қаржылық сауаттылық болды. «Қаржылық қауіпсіздік негіздері» атты сабақ барысында студенттерге жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау, шығындарды жоспарлау және заманауи қаржылық тәуекелдерді бағалау қағидалары түсіндірілді. Алаяқтық әрекеттерден қорғану, банк карталары мен цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ несиеге, ақша аударымдарына және инвестицияларға қатысты ұсыныстарды мұқият бағалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Дербес өмірге қадам басқан жастар үшін мұндай білім жеке қауіпсіздіктің маңызды бөлігі саналады.Сабақты ШҚТУ Бизнес мектебінің өкілдері: экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Г.И. Ислям және заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Т.В. Сидоренко өткізді.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бөлігі ШҚТУ Психологиялық қызметі ұйымдастырған «Әлеуметтік интеграция. Стресс-менеджмент» тақырыбындағы кездесу болды. Бірінші курс студенттері университет ортасына бейімделу, курстастарымен қарым-қатынас орнату, эмоционалдық жағдайды бақылау және күйзелісті тиімді еңсеру тәсілдерін талқылады.
Мамандар өзгерістер кезеңінде қолдау сұрай білудің, оқу мен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың, айналамен ізгі қарым-қатынас орнатудың және эмоционалдық шаршауға дер кезінде назар аударудың маңызын атап өтті. Студенттермен Психологиялық қызметтің жетекшісі Н.К. Жарасбаева және педагог-психологтер Ә. Рамазанова, А. Ерсайынова, М. Самадиева мен Ж.В. Баталова жұмыс жүргізді.
Қорытынды бағдарлама студенттік клубтар, спорт секциялары, ғылыми үйірмелер мен волонтёрлік бірлестіктердің таныстырылымымен жалғасты. Бірінші курс студенттері өз қызығушылықтарын жүзеге асыруға, шығармашылық, спорттық, зерттеушілік және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, қоғамдық бастамаларға қатысуға және пікірлес достар табуға мүмкіндік беретін бағыттармен танысты.
Таныстырылымды Әлеуметтік және жастар саясаты департаменті, Денсаулық және спорт орталығы, Тұрақты даму офисі студенттік клубтар, секциялар мен бірлестіктердің жетекшілерімен бірлесіп ұйымдастырды.
2–4 қыркүйек аралығында өткен бейімделу апталығы бірінші курс студенттерінің университеттің білім беру ортасымен, сервистерімен және мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуына көмектесті. Қаржылық сауаттылық, психологиялық тұрақтылық, дербестік және университет өміріне белсенді қатысу қорытынды күннің басты бағдарларына айналды.
Алда бірінші курс студенттерін дәрістер мен жобалар, жаңа таныстықтар және алғашқы дербес шешімдер күтіп тұр. Апта барысында алған білімдері мен университет қауымдастығының қолдауы олардың жаңа оқу жылын сеніммен бастап, үлкен ШҚТУ отбасының белсенді мүшесіне айналуына көмектеседі.