Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Гендерлік саясат, отбасы және демография: Шығыс Қазақстан облысының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Университет өңірдің әлеуметтік әл-ауқаты мен орнықты дамуы үшін маңызды мәселелерді ашық әрі кәсіби тұрғыда талқылайтын сараптамалық алаңға айналды.

Дөңгелек үстелге Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры, Шығыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Сәуле Рахметуллина модераторлық етті.

Іс-шараның ШҚТУ базасында өтуі кездейсоқ емес. Университет БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын жүйелі түрде қолдап, олардың қағидаттарын білім беру, ғылыми және қоғамдық қызметіне енгізіп келеді. Дөңгелек үстелдің тақырыбы денсаулық пен әл-ауқатты қамтамасыз ету, гендерлік теңдікке қол жеткізу, әлеуметтік теңсіздікті азайту, адам құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен қоғамдық институттар арасындағы серіктестікті нығайту міндеттерімен тікелей байланысты.

Іс-шара ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың, денсаулық сақтау саласының, құқық қорғау органдары мен отбасыларға қолдау көрсететін ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Ведомствоаралық формат өзекті мәселелерді демографиялық үдерістермен, репродуктивтік денсаулықпен, отбасылардың психологиялық әл-ауқатымен, әйелдердің құқықтарын қорғаумен және жастардың құндылықтық бағдарларымен өзара байланыста қарастыруға мүмкіндік берді.

Қатысушылар әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, некеге тұру, ажырасу және туу көрсеткіштерінің өзгеруі, жауапты ата-ана болу, отбасылық жанжалдардың себептері, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету тетіктерін талқылады.

Сараптамалық баяндамалармен Шығыс Қазақстан облысының бас репродуктологі Надира Слямханова, DIGITAL SOCIAL RESEARCH халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Элеонора Столярова, психология ғылымдарының докторлары Наталья Фесенко мен Құралай Алина, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының заңгері Қарлыға Сафина, сондай-ақ ШҚО Полиция департаментінің әйелдердің құқықтарын қорғау бөлімшесінің өкілі Алена Мокина сөз сөйледі.

Кездесу барысында ұсынылған жинақталған статистикалық деректер талқыланған мәселелердің өзектілігін растады. Әйелдер Шығыс Қазақстан облысы халқының жартысынан көбін құрайды және өңірдің қоғамдық-саяси әрі экономикалық өміріне белсенді қатысады. Сонымен қатар, демографиялық өзгерістерге, отбасылық қатынастардың тұрақтылығына және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты мәселелер әлі де өзекті. Көмекке жүгіну жағдайларының көп болуы профилактикалық жұмысты, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және кәсіби қолдаудың қолжетімділігін күшейту қажеттігін көрсетеді.

Жалпы сараптамалық пікірталас барысында гендерлік саясаттың тиімділігін арттыру, отбасы институтын нығайту, халықтың репродуктивтік денсаулығын жақсарту және ажырасудың алдын алу шаралары талқыланды. Балаларды тәрбиелеудегі ата-аналардың ортақ жауапкершілігіне, отбасылық қатынастардың психологиялық қауіпсіздігіне, сондай-ақ жастардың неке, ата-ана болу және отбасылық құндылықтар туралы көзқарастарының өзгеруіне ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстелдің өткізілуі ШҚТУ-дың білім беру және ғылыми орталық қана емес, қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелер талқыланатын ашық алаң ретіндегі рөлін көрсетті. Университет үшін жастардың отбасыға, теңдікке, денсаулыққа, өзара құрмет пен қауіпсіздікке жауапты көзқарасын қалыптастыруға қатысу айрықша маңызды.

Кездесу қорытындысы бойынша гендерлік саясатты жетілдіруге, отбасы институтын нығайтуға, отбасылық қолайсыздықтың алдын алуға және отбасылық құндылықтарды қолдауға бағытталған сараптамалық ұсыныстар мен ұсынымдар қалыптастырылды. Қатысушылар бұл бағыттағы нәтижелі жұмыс мемлекеттік органдардың, университеттердің, медициналық және әлеуметтік ұйымдардың, ғылыми қауымдастық пен құқық қорғау құрылымдарының күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті.