Біздің университет базасында жаңа Industrial AI құзырет орталығы ашылды. Ол металлургия, энергетика және өнеркәсіп қауіпсіздігі салаларындағы инновациялық шешімдерді әзірлеуге бағытталады.

Жоба Дүниежүзілік банктің қолдауымен және қазақстандық компаниялар – «Alpha-Safety» ЖШС, «Rating» ЖШС, «Normal Work» ЖШС, «Дипмайн Технолоджис» ЖШС консорциумымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар, орталықтың дамуына халықаралық университеттермен әріптестік зор серпін берді: INTI International University and Colleges (Малайзия), Цвикау қолданбалы ғылымдар университеті (Германия) және Тяньцзинь университеті (Қытай).

Industrial AI орталығының басты мақсаты – тау-кен металлургия саласындағы өндірістік процестерді автоматтандыру, еңбекті тиімді және қауіпсіз етуді қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын әзірлеп, енгізу. Сонымен қатар, орталық келесі бағыттарда жұмыс істейтін болады: нақты уақыттағы деректерді талдау үшін машиналық көру жүйелерін енгізу; жабдықты бақылау және энергетикалық инфрақұрылымды басқару; тәжірибе алмасу және озық технологияларды игеру алаңдарын құру.

Бұл бастама ғылыми зерттеулер мен озық технологияларды өндірістік процестерге интеграциялауға бағытталған, бұл Шығыс Қазақстан облысы мен тұтас Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы мәлімдемелерінде инновациялардың экономикалық өсуге маңыздылығы атап өтілген. Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында Қазақстанда жасанды интеллектті дамыту жұмыстары басталғанын, бірақ жаңа институттардың қажет екенін атап өтті. ШҚТУ-дағы Industrial AI орталығы – осы бағыттағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі.

Орталықтың ашылуы университеттің өнеркәсіпті жаңғырту және ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды рөлін көрсетеді. Бұл бастама отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, білікті кадрлар даярлауға және елдің тұрақты дамуы үшін қажетті озық технологияларды енгізуге серпін береді.