Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Erasmus+» жобасы аясында еуропалық серіктестермен бірге құрылған «Технологиялық кәсіпкерлік» білім бағдарламасының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға Италиядан келген жоба үйлестірушілері, Орталық және Орта Азиялық серіктестер, «Атамекен» ҰКП басшысы, ШҚО әкімінің орынбасары Жұмаділов Нұржан Сайлаубекұлы қатысты. Білім бағдарламасы өндірістік компаниялардың сұранысына бағытталғандықтан іс-шараға индустриялық серіктестер де қатысу құрметіне ие болды.

«Эразмус+» - Еуропалық Одақ бағдарламасы. 2 жылдық магистрлік бағдарлама білім жүйесін, кәсіби оқытуды, жастар саясаты мен спортын жаңғыртуға және тұрақты дамытуға бағытталған. Салтанатты шарада Басқарма төрағасы-ректор м.а. Сәуле Рахметуллина инженерлік ортада кәсіпкерлік дағдыларды жетілдіру компанияларды іштей дамытуға, жаңа өндірістерді ашуға және ел экономикасындағы сұранысын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Жаңа білім бағдарламасы 2 жыл қатарынан ойластырылып, жүзеге асырылды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ магистранттарға бизнес-кейстердің шынайы жобаларын пайдалана отырып, тәжірибелік-бағыт бағдар беріп, технологиялық мүмкіндіктері зор зертханалық база арқылы біліктіліктерін арттырады. Бағдарлама аясына энергетика, металлургия, машина құрастыру, өндіруші және қайта өңдеу өнеркәсібі, қаржы нарығы, сәулет және құрылыс, ИТ-индустрия салалары кіреді.

«Технологиялық кәсіпкерлік» білім бағдарламасының ашылу құрметіне орай, халқымыздың «тұсау кесер» салты қойылып, алыс-жақын шет елдерден келген қонақтарға шашу шашылды. Тұсау кесер рәсімінде ала жіпті Ахрор Джафаров, Джерардо Карпентиери, Нуржан Жумадилов және Сәуле Рахметуллина қиды.

ШҚО әкімінің орынбасары Нұржан Сайлаубекұлы индустриялы Шығыс Қазақстан облысы үшін мұндай бағдарламаның маңызы есепсіз жоғары екенін ескерді. Жергілікті атқарушы органдар өкілдері және Өңірдің жетекші компанияларының бірі «Қазмырыш» ЖАШС оқыту және ұжымды дамыту басқармасының бастығы Светлана Плотникова атаулы бағдарламаға әрдайым қолдау көрсетуге әзірліктерін білдірді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының басшысы Қайрат Мамырбаев «заманның технологиялық кәсіпкерлік бағытындағы бетбұрысына орай, университеттің лайықты бағдарлама қабылдауы, уақыт сұранысына жауап бере алатын әлеуетін танытады» деп, пікір білдірді.

Салтанатты жиын соңында, қатысушылар университеттің «Алтын Алтай» музейінде болып, экспонаттарды тамашалады.