Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Басқарма мәжілісі, Басқарма төрағасы-ректор Сауле Рахметуллинаның төрағалығымен өтті. Мәжіліске проректорлар, декандар, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер мен құзырет орталықтарының басшылары қатысты.

Мәжілісте EKTU CDIO Fab Lab құрудың концепциясы тыңдалды. Бұл жобаның презентациясын Халықаралық инженерлік мектептің қауымдастырылған профессоры Самат Байгериев және Бизнес мектебінің деканы Альфия Закинова ұсынды.

EKTU CDIO Fab Lab жобасы студенттерге креативті ойлау, жобалау қызметі және экологиялық жауапкершілік дағдыларын дамытуға бағытталмақ. Жобаның негізгі идеясы - «Инженерлік білімге кіріспе» пәні аясында шығармашылық жобалар мен кішігірім-ойлап табулар жасау.

Студенттер осы зертханада физика, химия, информатика, география, сызу және басқа пәндердің заңдарын практикалық түрде үйреніп, алынған білімдерін нақты мәселелерді шешуге қолданатын болады. Сондай-ақ, жобалардың экологиялық және экономикалық тиімділігіне ерекше көңіл бөлінеді - мысалы, жұмыс жасау үшін материалдар қайта өңделген ресурстардан алынатын болады, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік береді.

Баяндамашылар EKTU CDIO Fab Lab жобасының басты міндеті - студенттерге экологиялық қауіпсіз әрі экономикалық тұрғыдан тиімді шешімдер табуды үйрету екенін атап өтті. Сондай-ақ, осы зертханада студенттер өз идеяларын нақты өнімдерге айналдыра алады, бұл оларды шынайы өндіріс жағдайында жұмысқа дайындап, жаңа стартаптардың бастамасы болуы мүмкін.

Ұсынылған концепция Басқарма мүшелері тарапынан қолдау тапты, баяндамашылар жобаны іске асырудың одан арғы жоспарын ұсынды.

Сауле Рахметуллина бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, жобаны іске асыру университеттегі инженерлік білім беруді жетілдіруде маңызды қадам болатынын айтты.