2026 жылғы 10 қарашада Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 4–5 курс студенттерінің мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шара мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері мен осы саладағы мансаптық перспективаларға арналды.

Кездесуге «Жылу энергетикасы», «Электр энергетикасы», «Автомобиль жолдарын жобалау және салу», «Құрылыс» және «Сәулет» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілдері Айқымбеков Ержан мен Амренова Гульнур студенттерге мемлекеттік қызметке орналасу жолдары, үміткерлерге қойылатын талаптар және конкурстық іріктеу тәртібі туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында eQyzmet порталында тіркелу, бос жұмыс орындарына өтінім беру, тестілеуден және конкурстық іріктеуден өту кезеңдері түсіндірілді. Сондай-ақ белгіленген талаптарға, оның ішінде GPA көрсеткішіне сәйкес келетін түлектерді мемлекеттік қызметтің жекелеген лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігіне назар аударылды.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармаларының өкілдері Ағыбаев Досжан, Фирсова Оксана және Нәзира Дәлелханқызы да қатысты.

Студенттер «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасымен және жас мамандарды қолдау шараларымен, соның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен танысты.

Кездесу болашақ түлектерге мемлекеттік сектордағы кәсіби даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет алуға және оқуын аяқтағаннан кейінгі жұмысқа орналасу перспективаларын бағалауға мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қызметке орналасу шарттары