Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ–да 2024 – 2025 оқу жылында Академиялық Кеңестің қорытынды отырысы өтті.
Отырыс шеңберінде ағымдағы көктемгі емтихан сессиясының қорытындыларына егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Студенттердің үлгерімінің қорытындысы шығарылды, оқу процесінің күшті және әлсіз жақтары анықталды, сондай-ақ білім беру сапасын арттыру үшін стратегиялық бағыттар белгіленді. Бакалаврлар мен магистранттар үшін курстан курсқа аударылатын кредиттердің санын келісу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күн тәртібінің негізгі тармақтарының бірі білім беру бағдарламаларының бейіндік бағытын және талапкерлердің дайындық деңгейін ескере отырып, білім алушылардың сапалы контингентін қалыптастыру жай-күйін талқылау болды.
Академиялық Кеңес 2024 – 2025 оқу жылында «Coursera – Qazaq Tilinde» жобасының іске асырылуы туралы есепті тыңдады, сондай – ақ «Бизнес және басқару» бағыты бойынша онлайн оқытуға лицензияға қосымша алуға өтінімді дайындау барысын талқылады.
Бұдан басқа, «Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ» КЕАҚ-да дуальды оқытуды ұйымдастыру туралы және практикадан өту туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар қаралып, бекітілді.
Отырыс қорытындысы бойынша университеттің академиялық саясатын одан әрі жетілдіруге, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға және оқытудың цифрлық форматтарын дамытуға бағытталған шешімдер қабылданды.