Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент курстары басталды. Оқыту барысында ISO 37001:2016 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқару жүйесі» халықаралық стандарты зерделенеді.
Сабақтарды ШҚТУ Антикоррупциялық комплаенс-қызметінің комплаенс-офицері Қуаныш Мықтыбаев өткізеді. Курсқа мектеп декандары, құрылымдық бөлім басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар мен университеттің басқа да қызметкерлері қатысуда.
Курс аясында тыңдаушылар Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының негізгі ережелерін және ISO 37001:2016 халықаралық стандартын меңгереді. Бұл стандарт ұйымдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін реттейді. Қатысушылар жүйенің қолданылу аясы мен құралдарымен, сондай-ақ ШҚТУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты тиімді іске асыру үшін қажетті талаптар мен ұсыныстармен танысады.
Қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тарту мақсатында бейнематериалдар мен презентациялар қолданылады. Олар жемқорлыққа қарсы күрес механизмдерін көрнекі түрде көрсетеді. Бұл курстар ішкі бақылау жүйесін нығайтуға және университетте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған тиімді шараларды енгізуге көмектеседі.