1 қазанда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде екі маңызды мереке – Қазақстан Республикасының Жоғары білім қызметкерлері күні мен Халықаралық қарттар күні қатар аталып өтті.

Университетте мерекелік көңіл күй таңертеңнен басталды. Қызметкерлерді жылы лебізбен қарсы алып, кофе ұсынылды. Бұл – университеттің күнделікті тыныс-тіршілігі мен дамуына үлес қосып жүрген жандарға көрсетілген шағын да болса ерекше ықылас пен алғыстың белгісі болды.

Күннің басты оқиғасы: оқытушыларды, қызметкерлерді, университет ардагерлерін, мемлекеттік органдар өкілдері мен ШҚТУ серіктестерін біріктірген «Ұрпақтар сабақтастығы – күш пен даналықтың негізі» атты салтанатты іс-шара болды.

Университет ұжымы мен ардагерлерін құттықтау үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев арнайы келді. Ол жиналған қауымды мерекемен құттықтап, марапаттау рәсіміне қатысты. ШҚТУ-дың бірқатар қызметкерлеріне Шығыс Қазақстан облысы және Өскемен қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік бағдарламада университет ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Олардың көпшілігі саналы ғұмырын ШҚТУ-ға арнап, білім мен ғылымның дамуына, инженерлік кадрлар даярлауға және бірнеше буын студенттерді тәрбиелеуге елеулі үлес қосты. Көп жылғы адал еңбегі мен университет дамуына қосқан үлесі үшін ардагерлер облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің марапаттарына ие болды.

Университетті ұзақ жылдар бойы қолдап, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып келе жатқан серіктестер де назардан тыс қалмады. «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін» төсбелгісімен «Восток-Молоко» корпорациясы» ЖШС директоры, университет түлегі әрі тұрақты серіктесі Сейлжан Сайлаубаев және «Қазмырыш» ЖШС басқарушы директоры Андрей Лазарев марапатталды.

Бұл күні ШҚТУ-дың көп жылдан бергі сенімді индустриялық серіктесі:  «Казцинк» ЖШС университет ардагерлеріне мерекелік сыйлық жиынтықтарын табыстады. Бұл – саналы ғұмырын университеттің дамуына арнаған аға буынға деген құрметтің тағы бір көрінісі. Университет пен кәсіпорын арасындағы серіктестік жас мамандар мен түлектерді, студенттік шығармашылықты, ғылым мен қоғамдық бастамаларды қолдауды да қамтиды.

Салтанатты рәсім барысында университеттің оқытушылары мен қызметкерлерінің еңбегі де лайықты бағаланды. Оларға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ШҚТУ басшылығының, кәсіподақ ұйымының және басқа да ұйымдардың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік кеш студенттер, шығармашылық ұжымдар және ардагерлердің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. ШҚТУ ардагерлерінен құралған «Қазына» вокалдық квартетінің өнер көрсетуі кешке ерекше жылылық сыйлап, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.

Бір күнде тоғысқан қос мереке ШҚТУ үшін маңызды құндылықтардың бірі – ұрпақтар сабақтастығын тағы бір айшықтады. Университет жаңа технологияларды енгізіп, ғылым мен халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді. Ал бүгінгі жетістіктердің негізінде адамдардың білімі мен еңбегі, аға буын қалыптастырған дәстүрлер және сол құндылықтарды жалғастырып келе жатқан жаңа буын тұр.