Бүгін Глубокое ауданында «АҚЫЛДЫ AWARDS 2026» байқауының жеңімпаздарына сертификаттар табыстау рәсімі өтті. Байқау қорытындысы бойынша лауреаттарға Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің білім беру гранттары табысталды.

Іс-шараға Глубокое ауданының әкімі Эльдар Лукбекович Тумашинов, ШҚТУ ректоры Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллина, Глубокое ауданы білім бөлімінің басшысы Сарсен Дюсенбаевич Утепов, аудан мектептерінің директорлары, ұстаздары, оқушылар және ата-аналар қатысты.

Салтанатты жиын барысында университет ректорына алғыс хат табысталды. Өз сөзінде Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллина университеттің дарынды оқушыларды анықтау және қолдау бағытындағы бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын, сондай-ақ сапалы білім алуға және жастардың кәсіби қалыптасуына қолайлы жағдай жасалып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар Глубокое ауданы білім бөлімінің басшысы Сәрсен Дүйсенбайұлы Өтеповке алғыс хат табысталды. Ол жеңімпаздарды құттықтап, білім беру саласындағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараның негізгі бөлігі – «АҚЫЛДЫ AWARDS 2026» байқауының лауреаттарына сертификаттар табыстау болды. Бұл жетістік оқушылар үшін маңызды қадам болып, жоғары білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

Аудан мектептерінің директорларына да белсенді жұмысы мен оқушыларды дайындаудағы үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.

Салтанатты рәсім ШҚТУ-дың дарынды жастарды қолдау және өңірдегі білім беру ұйымдарымен өзара ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының айқын көрінісі болды.