Университетте «Әділет» партиясының өкілдерімен кездесу өтіп, сайлауалды бағдарламаның негізгі ережелері мен басым бағыттары таныстырылды. Ашық диалогқа университет басшылығының өкілдері, оқытушылар мен қызметкерлер қатысты.

Сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары туралы академиялық мәселелер жөніндегі проректор А. Машекенова баяндады. Кездесу барысында жоғары білім беруді дамытуға және жастардың болашағына тікелей қатысты бастамаларға ерекше назар аударылды. Бағдарламаның басым бағыттарының бірі: «Адами әлеуетке басымдық беру». Бұл бағытта білім сапасын арттыру, инженерлік және практикалық даярлықты дамыту, ғылым, білім мен өндірістің өзара байланысын нығайту, цифрлық және жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді жетілдіру, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау міндеттері айқындалған. Аталған бастамалар жастардың кәсіби және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған заманауи университет қызметімен үндеседі.

Кездесу барысында азаматтарға тең мүмкіндіктер жасауға, білім беру, медициналық көмек пен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ қолдауға мұқтаж отбасылар мен азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған партияның әлеуметтік бастамалары да қарастырылды.

Талқылауға Шығыс Қазақстан облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат А. Әшімова қатысты. Ол қоғамдық қызметтегі тәжірибесімен бөлісіп, өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерге тоқталды.

А. Әшімова өз сөзінде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бастамаларға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, әкімшілік кедергілерді азайту, кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, бизнесті жүргізу үшін ашық әрі тұрақты жағдай қалыптастыру, даму әлеуеті бар кәсіпорындарды қолдау және сапалы жұмыс орындарын құру мәселелері сөз болды.

Бұл бағыт университет қауымдастығы үшін де маңызды. Бүгінде кәсіпкерлік ойлауды қалыптастыру, студенттік стартаптарды қолдау және бизнеспен өзара байланысты нығайту бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың маңызды құрамдас бөлігіне айналып келеді.

Кездесу университет қауымдастығының партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі ережелерімен танысып, пікір алмасуына мүмкіндік берген ашық диалог алаңына айналды. Мұндай кездесулер азаматтарға ұсынылып отырған бастамалар туралы ақпарат алуға, білім, ғылым, жастар саясаты, кәсіпкерлік және жалпы өңірдің дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.