Өскемен қаласында «Шығысқазақстандық жауынгерлердің ізімен: Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 238-атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан Отан қорғаушылардың тағдыры» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған іс-шараға тарихшылар, педагогтер, іздестіру қозғалысының мүшелері, мемлекеттік органдардың, ардагерлер ұйымдарының, жастар және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі бағыттарының бірі Шығыс Қазақстанда жасақталған 238-атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің тағдырын анықтауға арналған іздестіру және зерттеу жұмыстарының нәтижелерін талқылау болды. Тула қаласынан келген іздеуші-волонтер Р№ Очнева өзінің жұмыс тәжірибесімен және жинақталған материалдарымен бөлісті.

Іс-шараға тарих ғылымдарының кандидаты, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Шығыс Қазақстан облысындағы өкілі К.С. Калиева модераторлық етті.

Қатысушылар архивтік ізденіс жүргізу, шығысқазақстандық жауынгерлердің тағдырын анықтау, ұмыт қалған есімдерді жаңғырту және тарихи жадыны сақтау мәселелерін талқылады. Зерттеушілердің, іздестіру бірлестіктерінің, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстел аясында К.С. Калиева мен Т.С. Калиев әзірлеген «Іздеуші-волонтердің анықтамалық кітабы», сондай-ақ К.С. Калиева, Т.С. Калиев, А.Ф. Джаксылыков және З.Е. Байкенова дайындаған «Настольная книга поисковика-волонтёра» оқу құралдарының жарыққа шығатыны хабарланды. Бұл басылымдар іздестіру жұмысын жаңадан бастаған мамандарға әдістемелік қолдау көрсетуге және архивтік дереккөздермен жұмыс жүргізуді жүйелеуге арналған.

Кездесудің басты тақырыбы қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі болды. Қатысушылар майданда ерлікпен шайқасқан отандастарымыздың батырлығы мен жанқиярлығын атап өтіп, олардың жауынгерлік жолын зерттеуді жалғастырудың маңызын айтты. Қазақстандық сарбаздардың ерлігі халықтың тарихи жадынан лайықты орын алып, Отан қорғаушылардың есімдері жас ұрпаққа кеңінен таныстырылуға тиіс.

Дөңгелек үстел іздестіру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастарға патриоттық тәрбие беруге ықпал етеді. Архивтік құжаттарды зерделеу жауынгерлердің тағдырын қалпына келтіріп, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі туралы тарихи шындықты сақтауға мүмкіндік береді.