Біздін университетте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын таныстыруға және талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев, университет ардагерлері, профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелді ШҚТУ Басқарма мүшесі – проректор Асия Машекенова жүргізді.

Кітапта Мемлекет басшысының 1994 жылдан басталатын 30 жылдан астам уақыт аралығындағы таңдаулы сөздері, баяндамалары мен ой-тұжырымдары жинақталған. Басылым 21 тақырыптық бөлімнен тұрады және мемлекеттік басқару, заң үстемдігі, қоғамдық қауіпсіздік, білім мен ғылым, жастар саясаты, мәдениет, ұлттық бірегейлік, цифрландыру, экология және халықаралық қатынастар мәселелерін қамтиды.

Кітапта көтерілген идеялар қазіргі қоғамдық-саяси үдерістермен және Әділетті Қазақстанды құру міндеттерімен тікелей байланысты болғандықтан, оны талқылаудың маңызы ерекше. Қатысушылар әділеттілікті мемлекеттік қағидат ретінде ғана емес, әрбір азаматтың адал еңбегінен, заңды сақтауынан, кәсіби шыншылдығынан және қоғамға құрметпен қарауынан көрінетін жеке жауапкершілік ретінде қарастырды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. Садырбаев өз сөзінде облыс әкімдігі мен университет қауымдастығы арасындағы тығыз ынтымақтастықты атап өтті. Ол ғалымдармен, оқытушылармен және жастармен өзара байланысты, соның ішінде өзекті қоғамдық-саяси бағыттарды талқылау мен іске асыру аясындағы бірлескен жұмысты одан әрі жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Университеттер ашық диалог жүргізуге, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және өңір мен елдің дамуына ықпал ететін мәселелерді жан-жақты саралауға мүмкіндік беретін маңызды алаң саналады. Дөңгелек үстелде Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Шерубаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы, ШҚТУ-дың Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы Х. Қалиева, А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының өкілі Ұ. Қанатқызы, университет оқытушылары, Ғылыми кітапхана қызметкерлері, ШҚТУ ардагерлері және студенттік жастар өкілі сөз сөйледі.

Спикерлер тарихи жады мен азаматтық жауапкершілік, мемлекеттік тілдің мәртебесі, қоғамдық келісім мен бірлік, қоғамның зияткерлік және рухани дамуындағы кітаптың рөлі, сондай-ақ әділетті мемлекет құруға жастардың қатысуы мәселелерін қозғады.Мемлекет басшысының білім, ғылым және жас ұрпақ тәрбиесі жөніндегі ой-тұжырымдарына ерекше назар аударылды. Қатысушылар қазіргі уақытта елдің бәсекеге қабілеттілігі адами капиталдың сапасына, яғни азаматтардың біліміне, кәсібилігіне, еңбекқорлығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

ШҚТУ-да бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі. Университет білікті мамандар даярлаумен қатар, студенттердің азаматтық жауапкершілігін, құқықтық мәдениетін, заңға құрметін және қоршаған ортаға ұқыпты көзқарасын қалыптастыруға көңіл бөледі. Бұл жұмыс «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» идеологемалары аясында тақырыптық кездесулер, дәрістер, пікірталастар, волонтерлік, ағартушылық және экологиялық бастамалар арқылы жүзеге асырылуда.

Дөңгелек үстел мемлекеттік органдар, ардагерлер қауымдастығы, білім және мәдениет салаларының өкілдері, оқытушылар мен жастар арасындағы мазмұнды диалог алаңына айналды. Қатысушылар кітаптағы идеяларды әртүрлі кәсіби және буынаралық көзқарас тұрғысынан саралап, оларды қазіргі сын-қатерлермен байланыстырып, қоғамдық және кәсіби қызметте іс жүзінде қолдану мүмкіндіктерін талқылады.