Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Лу Бань шеберханасы базасында Great Wall Motors компаниясының инженерлік-техникалық мамандарын оқыту және сертификаттау жөніндегі Орталық Азиядағы алғашқы ресми орталық жұмысын бастады.
Жобаның іске қосылатыны туралы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек автомобиль өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралған Үкімет отырысында хабарлаған болатын.
«Биыл тамыз айында ШҚТУ-дағы Лу Бань шеберханасының базасында Great Wall Motor, Тяньцзинь кәсіптік институты және Astana Motors компаниясының қатысуымен сертификаттау орталығы іске қосылады», – деді министр.
Жаңа орталықта автомобильдерді диагностикалау, жөндеу, сатудан кейінгі қызмет көрсету және зияткерлік көлік жүйелері бойынша мамандар даярланады. Оқу бағдарламаларын аяқтаған қатысушылар GWM дилерлік және сервистік орталықтарында жұмыс істеуге қажетті біліктілік сертификаттарын алады.
Орталық жұмысының алғашқы кезеңінде Great Wall Motors және Tianjin Vocational University мамандары HAVAL H7 және TANK 500 автомобильдеріне қызмет көрсету бойынша ШҚТУ-дың 15 оқытушысы мен инженерін даярлады. Сертификатталған университет мамандары кейін Қазақстан, Армения, Грузия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзербайжаннан келген GWM қызметкерлерін оқытты. Осылайша, бағдарлама қысқа мерзім ішінде халықаралық деңгейге шықты.
Орталықтың ашылуы ШҚТУ үшін инженерлік білім беруді өндіріске жақындатудың маңызды кезеңі болып саналады. Университет студенттері заманауи автомобиль технологияларын меңгеріп, халықаралық деңгейдегі жабдықтармен жұмыс істейді және кәсіби сертификаттаудан өту мүмкіндігіне ие болады. Бұл теориялық білімді нақты өндірістік міндеттермен ұштастырып, түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба университеттің халықаралық білім беру және индустриялық серіктестігін де нығайтады. Tianjin Vocational University оқу бағдарламаларын әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеуге, оқытушылар мен инженерлерді даярлауға және кәсіби оқытудың халықаралық стандарттарын енгізуге қатысады. Great Wall Motors-пен өзара іс-қимыл білім беру мазмұнын автомобиль саласының нақты талаптарына бейімдеуге жағдай жасайды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бастама өңірдің инженерлік және технологиялық әлеуетін дамытуға, жоғары білікті мамандар даярлауға және халықаралық тәжірибені отандық білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған.
Алдағы уақытта Орталықтың оқу бағдарламалары Great Wall Motors компаниясының барлық модельдік қатарын қамтиды. Мұнда жыл сайын Қазақстаннан және басқа елдерден кемінде 500 маманды оқыту және сертификаттау жоспарланып отыр.