ШҚТУ-де «ИнтерКарто. ИнтерГИС 30» халықаралық конференциясы өтуде, тақырыбы «Дағдарыс жағдайында аймақтардың тұрақты дамуын геоақпараттық қолдау».

Бұл ғылыми шараға әлемнің түрлі елдерінен келген көптеген мамандар мен ғалымдар қатысып, геоақпараттық технологияларды әртүрлі салаларда қолдану мәселелерін талқылауда. Конференция үш күнге созылады, осы уақыт аралығында қатысушылар геоақпараттық жүйелер (ГАЖ), жасанды интеллектті қолдану және деректерді талдау саласындағы зерттеулері мен тәжірибелерін өзара бөліседі. Дағдарыс жағдайында аймақтардың тұрақты дамуының мәселелерін шешуге аса назар аударылады.

– Дағдарыс жағдайында аймақтардың тұрақты дамуын геоақпараттық қолдау міндеті қазіргі уақытта ерекше маңызға ие, себебі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық сын-қатерлер ғылыми білімдер мен технологияларды біріктіруді талап етеді. Кең географиялық аумақты қамтитын конференция Қазақстан, Чехия, Германия, АҚШ, Сауд Арабиясы, Ресей, Өзбекстан ғалымдарын біріктірді. Барлық қатысушыларды қарсы алғаныма қуаныштымын, – деп атап өтті конференцияның ашылуында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы-ректор Сауле Рахметуллина.

Шара аясында бірнеше баяндама жасалды: «Атласты ақпараттық жүйелер: жобалау, жасау, пайдалану»; «Шығыс Қазақстан облысында цифрландыруды дамыту»; «ГАЖ және жасанды нейрондық желілер әдістерін қолдана отырып инженерлік құрылыстарды мониторингтеу»; «Мобильді сканерлеу жүйесі».

Сонымен қатар «GeoAI және жаһандық бастамаларды геокеңістіктік ақпарат пен табиғи апаттар мәселелерін шешуде пайдалану» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар өз жобалары мен тәжірибелерін талқылап, қар көшкіні мен селдер сияқты табиғи апаттардың алдын алу және оларды жою бойынша кейстерді ұсынды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) деректері мен ГАЖ технологияларын қолдану тәжірибесі таныстырылды.

Өз кезегінде, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғалымдары конференцияда өздерінің бірегей жобаларын ұсынды, олардың ішінде: «Маусымдық тасқындар кезінде аумақтардың су басуын болжаудың аналитикалық жүйесі» және «Қар көшкіні қауіпін автоматтандыру жүйесін жасау». Бұл инновациялық әзірлемелер қазірдің өзінде аймақтық деңгейде қолданылып, табиғи апаттардың алдын алуды жақсартуға ықпал етуде.

Конференция өз жұмысын жалғастырып, қатысушыларды геоақпараттық технологиялар саласында көптеген қызықты баяндамалар, пікірталастар мен тәжірибе алмасу күтіп тұр.