Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бірегей халықаралық білім беру жобасы – «Лу Бань шеберханасының» ашылуына бір жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті.

Бұл жоба аймақтың және жалпы елдің өндірістік саласы үшін бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға бағытталған. Шеберхана алаңында студенттер заманауи технологияларды үйреніп, өзекті дағдыларды меңгеріп, инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білімдерін тереңдетуге мүмкіндік алады. Жобаның арқасында тиісті білім беру бағдарламаларында оқитын студенттердің саны екі есеге артты, сондай-ақ жаңа инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды.

– Біз өзара тиімді ынтымақтастығымызға өте қуаныштымыз, – деп атап өтті бас консул Цзян Вэй. – Келіссөздер басталған сәттен бастап жобаның іске қосылуына дейін біз ШҚТУ қызметкерлерінің жоғары белсенділігін байқадық және осындай тығыз әріптестіктің болашақта да жалғасатынына сенеміз.

Дөңгелек үстел барысында жобаның болашақтағы кезеңдеріне ерекше назар аударылды. Негізгі міндеттердің қатарында білім беру бағдарламаларын кеңейту, халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты тереңдету және шеберхана базасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бар. Сонымен қатар, Allur, QazTehna және Astana Motors сынды ірі автомобиль кәсіпорындарының қатысуын арттыру жоспарлануда. Бұл компаниялар студенттер үшін практикалық сабақтар ұйымдастыруға, оларды жұмысқа орналастыруға және нақты өндірістік жобаларға қатыстыруға ықпал ететін болады.

– Шеберхана – бұл тек біздің университет үшін алға басқан қадам ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы инженерлік білім беруді дамытуға қосылған үлес. Біз бұл жоба уақыт талаптарына сай жаңа буын мамандарын даярлайтын орталыққа айналатынына сенімдіміз, – деп атап өтті халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Арайлы Сәрсембаева.

Бір жыл ішінде «Лу Бань шеберханасы» жоғары білікті кадрларды даярлауға арналған тиімді платформа ретінде өзін танытты. Алдағы уақытта бұл жоба Қазақстандағы инженерлік және технологиялық бағыттарды дамыту үшін маңызды драйверге айналуы мүмкін.