Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бірегей халықаралық білім беру жобасы – «Лу Бань шеберханасының» ашылуына бір жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті.
Бұл жоба аймақтың және жалпы елдің өндірістік саласы үшін бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға бағытталған. Шеберхана алаңында студенттер заманауи технологияларды үйреніп, өзекті дағдыларды меңгеріп, инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білімдерін тереңдетуге мүмкіндік алады. Жобаның арқасында тиісті білім беру бағдарламаларында оқитын студенттердің саны екі есеге артты, сондай-ақ жаңа инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды.
Дөңгелек үстел барысында жобаның болашақтағы кезеңдеріне ерекше назар аударылды. Негізгі міндеттердің қатарында білім беру бағдарламаларын кеңейту, халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты тереңдету және шеберхана базасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бар. Сонымен қатар, Allur, QazTehna және Astana Motors сынды ірі автомобиль кәсіпорындарының қатысуын арттыру жоспарлануда. Бұл компаниялар студенттер үшін практикалық сабақтар ұйымдастыруға, оларды жұмысқа орналастыруға және нақты өндірістік жобаларға қатыстыруға ықпал ететін болады.
Бір жыл ішінде «Лу Бань шеберханасы» жоғары білікті кадрларды даярлауға арналған тиімді платформа ретінде өзін танытты. Алдағы уақытта бұл жоба Қазақстандағы инженерлік және технологиялық бағыттарды дамыту үшін маңызды драйверге айналуы мүмкін.