Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ университеттің көпжылдық стратегиялық серіктесі - «Қаzzinc» кәсіпорнының ұйымдастыруымен «Жұмысшы болсаң, мықтысың!» атты студенттік мансап форумы өтті. Іс-шараға ШҚТУ мен аймақтағы техникалық бағыттағы колледждердің студенттері қатысты. Форумның басты мақсаты – жастарға кәсіби өсу мүмкіндіктерін көрсету, жұмысшы мамандықтарының маңызын ашып, өндірістен бастап басшылық қызметтерге дейін жеткен түлектердің табысты еңбек жолдарын үлгі ету.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры С.Рахметуллина мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті: «Біздің студенттер ірі кәсіпорын өкілдерімен тікелей тілдесіп, еңбек нарығының қазіргі талаптары мен мансаптық өсу перспективалары туралы сұрақтарына жауап алу мүмкіндігіне ие. Мұндай кездесулер жастарға шабыт беріп, еңбексүйгіштік пен жауапкершілік табысқа бастайтынын ұғындырады».

Форум тәжірибелік тұрғыдан да пайдалы алаңға айналды. Шеберлік сабақтарында қатысушылар түйіндеме жазу, сұхбаттасуға дайындалу, тиімді коммуникация, қаржылық сауаттылық және өзін таныта білу дағдыларын жетілдірді.

Форумда сөз алған «Қаzzinc» қызметкерлерінің басым бөлігі кезінде ШҚТУ студенті болған. Олардың кәсіби жолдары бүгінгі жастарға нақты өмірлік мысал мен ынта-ықылас сыйлады.

ШҚТУ мен «Қаzzinc» акционерлік қоғамының ынтымақтастығының тарихы ұзақ жылдарға созылады. Бірлескен жобалар аясында тәжірибеге бағытталған білім беру бағдарламалары, өндірістік практика мен тағылымдамалар, сондай-ақ ғылыми-техникалық зерттеулер жүзеге асырылып келеді. Кәсіпорын студенттерді қолдап, аймақтың кадрлық әлеуетін дамыту мен инженерлік мамандарды даярлау ісіне тұрақты үлес қосуда.

Форумның өтуі тағы бір мәрте дәлелдеді: жоғары білім мен өндіріс саласының ықпалдастығы еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлаудың, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың және Шығыс Қазақстанның адами капиталының дамуын нығайтудың маңызды тетігі.

Мұндай бастамалар студенттердің болашақ мамандығына саналы көзқарасын қалыптастырып, олардың дамуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне белсенді қатысуына серпін береді.