Бүгін, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша диалог алаңы» ұйымдастырылды. Іс-шараға студенттер белсенді қатысып, қоғам үшін маңызды тақырып аясында пікір алмасты.
Алғашқы сөзді университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры А.Х. Машекенова алып, жастарды адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстануға үндеп, осы құндылықтардың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Кездесу Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының өкілі Н.К. Файзрахманованың қатысуымен ұйымдастырылды. Спикер «Кіші қадамдар – үлкен салдар: сыбайлас жемқорлықтың ұсақ көріністері әрқайсымызға қалай әсер етеді» тақырыбында баяндама жасап, оның аясында студенттермен мазмұнды диалог құрды. Ол күнделікті өмірдегі болмашы құқықбұзушылықтардың өзі елеулі салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтіп, мұндай әрекеттердің біртіндеп тұрақты әдетке айналу қаупіне назар аударды. Сонымен қатар спикер жастарды жауапкершілік танытуға, саналы әрі салмақты шешімдер қабылдауға және құқыққа қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық тек ірі құқықбұзушылықтардан ғана емес, күнделікті өмірдегі ұсақ әрекеттерден де бастау алады. Сондықтан әрбір азамат, әсіресе жастар, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет.
Диалог алаңының модераторы – университеттің комплаенс қызметінің офицері Қ.А. Мықтыбаев болды. Ол өз баяндамасында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, жемқорлықтың салдары тек жеке адамға ғана емес, оның отбасы мен жақындарына да кері әсер ететінін атап өтті.
Кездесуге сондай-ақ Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ж. Базарқат, «Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті: жеке жауапкершіліктен жүйелі өзгерістерге» тақырыбында баяндама жасады. Ол жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен жеке жауапкершілігі қоғамдағы оң өзгерістердің негізі екенін жеткізді.
Сонымен қатар университетте ашықтық, әділдік және академиялық адалдық қағидаттарына ерекше мән берілетіні атап өтілді. Білім беру үдерісінде транспаренттілік пен әділдікті қамтамасыз ету – оқу орны қызметінің басты бағыттарының бірі.
Іс-шара аясында Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы дайындаған тақырыптық бейнеролик көрсетіліп, қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері көрнекі түрде ұсынылды.
Диалог алаңы студенттерге өз ойларын еркін жеткізуге, сұрақтар қоюға және маңызды мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруға оң ықпал етеді.