Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Простор» демалыс базасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірлесіп ұйымдастырылған Жазғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мектеп өтті.

Іс-шара жазғы өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттерді біріктіріп, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және кәсіби қызметте жауапты шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталды.

Бағдарлама интерактивті форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар өңірлік тәжірибеден алынған нақты, бірақ жасырындандырылған кейстерді талдап, командалық практикумға қатысты. Практикалық бөлім барысында мүдделер қақтығысы жағдайларын саралап, кірістерді декларациялау мәселелерін қарастырды, ресми арналар арқылы өтініш беру тетіктерімен танысты және түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет ету алгоритмдерін пысықтады.

Департамент өкілдерімен өткен ашық диалог студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті тақырыптарды талқылап, мамандардың тәжірибелік кеңестеріне ие болды.

Іс-шара қорытындысында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, командалық практикумда үздік нәтиже көрсеткен студенттер арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Осындай іс-шаралар жастар арасында адалдық, ашықтық және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етіп, ШҚТУ-дың болашақ мамандардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік органдармен ынтымақтастығын одан әрі күшейтеді.