Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да ғылыми кеңес мүшелері, декандар орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелер мен оқу бағдарламаларының жетекшілерімен ғылыми кеңес отырысы өтті.
Жиын барысында университеттің 2022-2023 жылғы оқу жылына арналған даму бағыты. Университет биылдан бастап коммерцияландыру, интернациялизацияға және инженерлік білімге басымдық береді.
Ғылыми кеңесте ең алдымен жоғары білім саласына сараптама жүргізілді. Негізгі бағыттар айқындалып, жоғары оқу орны ең алдымен өңірлік жетекші университет бағытында дамуы тиіс деген талап қойылды. ШҚТУ – материалды-технологиялық базасымен, кадрлық саясаты және жауапкершілігімен өңірде көшбасшы университет. Ендеше, білім ордасы өз базасы арқылы коммерцияландыру сатысына шыққаны абзал. Техникалық университет бола тұра, инженерлік білімді шыңдай түсу көзделген.
Бұл мақсаттарды орындауда, Ғылыми кеңес отырысында ғалымдар санын арттыруға және олардың білім сапасын жоғарылатуға жұмыс істеу талабын арттыру туралы шешім шығарылды. Бәсекелестік, жаһандық құбылыстар сынды тәуекелдер мен университет алдында туындайтын жаңа мүмкіндіктерге де терең талдаулар жүргізілді.
Жиын барысында абитуриенттерді қабылдау жұмыстарына талдау жасалып, бұл бағытта келер жылға арналған талаптар мен міндеттер қойылды. Сол сияқты, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ білім гранттарын тағайындау жағдайлары қарастырылды. Магистрлік диссертация тақырыптары мен жетекшілер бекітілді.