2025 жылғы 2 қазанда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шара Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық бастамаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында халықтың салықтық сауаттылығын арттыруға және фискалдық чектерді талап ету мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Amian» мобильді қосымшасын пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Негізгі назар «Салық кешбэк» функциясына, сондай-ақ «Чек талап ет – жүлде ұтып ал» және «Бәйге» акцияларына аударылды.
Жобаның мақсаты:
Халық арасында салық тәртібін қалыптастыру, көлеңкелі экономиканы азайту және азаматтарды фискалдық бақылау процесіне тарту.
«Amian» қосымшасының пайдалы функциялары:
- Салық кешбэк – фискалдық чекті сканерлеу арқылы сатып алу сомасынан қаражаттың бір бөлігін қайтару;
- «Чек талап ет – жүлде ұтып ал» акциясы – чекті көрсету арқылы ақшалай жүлделер ұтысына қатысу мүмкіндігі;
- «Бәйге» акциясы – қосымшаны белсенді пайдаланғаны үшін құнды сыйлықтар ұтып алу;
- Чектердің электронды мұрағаты – фискалдық чектерді қосымшада сақтау және тексеру мүмкіндігі.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері мемлекеттік қызметке жас мамандарды тарту және бос лауазымдарға орналасу мәселелері бойынша ақпарат берді. Түлектерге арналған мансаптық мүмкіндіктер таныстырылды.
Мұндай кездесулер студенттердің салық мәдениетін қалыптастыруға, цифрлық қызметтер мен мемлекеттік сектордағы кәсіби мүмкіндіктер туралы хабардарлығын арттыруға ықпал етеді.