Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде облыстық «Қалалар мен аудандар күндері» бос орындар жәрмеңкесі басталды.
Іс-шараға Өскемен, Риддер қалаларынан және Алтай, Глубокое, Шемонаиха, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар,Тарбағатай және Ұлан аудандарынан 400-ге жуық адам қатысты. Облыстық жәрмеңкеге сондай-ақ, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының өкілдері, колледж және ЖОО түлектері қатысты.
Қоғамдық даму басқармасының "Жастар ресурстық орталығы" КММ жыл сайын болашақ мамандарды, жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектерін жұмысқа орналастыру үшін әлеуетті жұмыс берушілермен ақпараттық - консультативтік алаңда кездесу ұйымдастырады.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты - жастар қызыққан мамандықтар бойынша жұмысқа орналастыру, түлектердің еліміздің басқа өңірлеріне және шетелге кетуін азайту, жастарды жұмысқа орналастыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып, аудандар мен ауылдық округтерге жұмысқа орналасу мүмкіндігін беру.
Колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, қызмет көрсету және т.б. салаларда бос жұмыс орындарын табуға болады.
Жұмыс берушілер өз ұйымдарының тұсаукесерін өткізіп, қолда бар бос жұмыс орындарын ұсынады және ең қолайлы кандидаттардың жеке базасын қалыптастырады.
Түлектер өз кезегінде ұйымдардың өкілдерімен сөйлесіп, сауалнамадан өтіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алады.