Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде DAAD «Шығыс әріптестігі» жобасы аясында «Hands-On Scientific English: Polish Your Paper & Pitch» атты екі күндік практикалық семинар өтті.
Семинарды Nuremberg Institute of Technology Georg Simon Ohm (TH Nuremberg) оқу орнының Қолданбалы математика, физика және жалпы ғылымдар факультетінің (AMP) профессоры д-р Анита Вржина (Prof. Dr. Anita Vržina) өткізді.
Іс-шара ШҚТУ докторанттары мен оқытушыларына арналып, ғылыми және академиялық қызметте ағылшын тілін тиімді қолдану дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Екі күн бойы қатысушылар ағылшын тіліндегі ғылыми мақалаларды дайындау және жетілдіру бойынша практикалық жұмыстар жүргізді. Семинар барысында ғылыми мәтіннің құрылымына, академиялық стильге, тұжырымдардың нақтылығына, ойды жүйелі жеткізуге және зерттеу нәтижелерін тиімді таныстыруға ерекше назар аударылды.
Бағдарламаның жеке бөлімі ғылыми презентация жасау және зерттеу нәтижелерін ауызша таныстыру дағдыларын дамытуға арналды. Қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындап, ғылыми мәтіндер мен презентациялардың үлгілерін талдап, профессор Анита Вржинадан кәсіби ұсынымдар мен кері байланыс алды.
Семинардың практикалық форматы қатысушыларға ғылыми материалдарды ағылшын тілінде дайындаудың тиімді тәсілдерімен танысып қана қоймай, алған білімдерін өздерінің ғылыми зерттеулері мен академиялық жобалары барысында тікелей қолдануға мүмкіндік берді.
Аталған семинар DAAD «Шығыс әріптестігі» жобасы аясында ШҚТУ мен Nuremberg Institute of Technology Georg Simon Ohm (TH Nuremberg) арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңдерінің бірі болды. Халықаралық ынтымақтастық академиялық байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және университет оқытушылары мен докторанттарының кәсіби әрі ғылыми дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.