Бүгін Шығыс Қазақстан техникалық университетінің (ШҚТУ) өкілдері Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жүсіпбекова Ақбота Бауыржанқызына ерекше құрмет көрсетіп, оған университет грантының сертификаты мен сыйлығын басқарма мүшесі ғылым және инавациялар жөніндегі проректор Конурбаева Жадыра Тусупкановна табыстады. Ақбота Бауыржанқызы «Бизнес - сәттілік» номинациясы бойынша «Ақылды Awards» жүлдесінің иегері және «Алтын белгіге» үміткер болып, білім мен шығармашылықтағы жоғары жетістіктерін дәлелдеді.

Марапатты табыстау шарасы барысында, университеттің оқу және ғылыми қызметіне белсенді атсалысып, мектеп оқушыларының түрлі олимпиадалар мен конкурстарға қатысуына ықпал ететін мектеп директоры А.Е. Талгатович және Ақбота Бауыржанқызының ата-аналары мен пән мұғалімдері де алғыс хатпен марапатталды. Бұл марапаттар оқушылардың жетістіктерін бағалап қана қоймай, мектеп ұжымының еңбекқорлығын да мойындаудың айғағы болды.

Сонымен қатар мектепте өткен мамандықтар жәрменкесі оқушылар үшін аса маңызды іс-шара болып өтті. Бұл шараның басты мақсаты - мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беру, мамандық таңдауда көмек көрсету және олардың болашақта өз ісін дұрыс таңдауы үшін қажетті ақпаратты ұсыну болды. Жәрменке барысында әртүрлі сала өкілдері мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, оқушыларға қызықты мамандықтар туралы кеңес беріп, болашақта таңдаған жолдарына қатысты сұрақтарына жауап берді.

Жәрменкеге қатысқан оқушылар түрлі салаларға қызығушылық танытып, өздерін қызықтыратын мамандықтар туралы сұрақтар қойды. Көптеген оқушылар инженерлік мамандықтар бойынша кеңес алды. Оқушыларға өз қалаулары мен арман-мұраттарына сәйкес мамандық таңдауда көмек көрсетілді, әрі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы да ақпарат берілді.

Мектепте өткен мамандықтар жәрменкесі оқушылар үшін болашаққа дұрыс қадам жасауға мүмкіндік берді. Бұл іс-шара арқылы олар өз таңдауларын саналы түрде жасап, әртүрлі мамандықтар туралы толық ақпарат алып, кәсіби жолдарын нақтылап қойды.