2026 жылғы 3–4 қыркүйекте Германия Федеративтік Республикасына ғылыми іссапар аясында «Digital Social Research» пәнаралық ғылыми-зерттеу орталығының (МҒЗО «DSR») қызметкерлері Росток қаласында орналасқан Макс Планк қоғамының Демографиялық зерттеулер институтына (нем. Max-Planck-Institut für demografische Forschung, MPIDR) жұмыс сапарымен барды.
Бұл – халықтану және демографиялық үдерістерді зерттейтін әлемдегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Институт 1996 жылы құрылған және жаһандық әрі жергілікті демографиялық үдерістерді зерттейтін халықаралық ғылыми ұйымдар жүйесіне кіреді.
Институт қызметінің негізгі бағыттары – туу көрсеткіштері мен отбасы, халық денсаулығы және көші-қон мәселелері. Сонымен қатар пәнаралық зерттеулерге ерекше назар аударылады.
«DSR» МҒЗО өкілдері мен институт қызметкерлерінің бірлескен жұмысының негізгі алаңы Дмитрий Жданов жетекшілік ететін Демографиялық деректер зертханасы болды. Аталған зертхана әлемдік демографиялық статистиканың ең сенімді әрі тексерілген деректер базаларының бірін қалыптастырып, оны үздіксіз дамытып келеді. Бұл база халықтану саласындағы жетекші зерттеулерде, сондай-ақ экономикалық факторлардан бастап әлеуметтік-мәдени факторларға дейінгі көптеген көрсеткіштерді ескере отырып, демографиялық үдерістерді бағалау мен болжауда кеңінен қолданылады.
Институт ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және жоғары білікті мамандарды даярлауға барынша бейімделген бірегей сәулеттік ғимаратта орналасқан. Мұнда халықаралық докторлық бағдарламалар жүзеге асырылады. Институт бойынша ұйымдастырылған экскурсия барысында ғылыми кітапхана қорымен танысуға мүмкіндік берілді. Кітапханадағы барлық материалдар еркін қолжетімді. Сонымен қатар штаттағы зерттеушілердің жұмыс кабинеттері мен докторанттарға арналған коворкинг кеңістіктері таныстырылды.
Сапар барысында бірқатар мазмұнды ғылыми пікір алмасулар мен талқылаулар өтті. Атап айтқанда, Дмитрий Ждановпен демографиялық деректер базалары мәселелері талқыланды.
Human Fertility Database жобасының үйлестірушісі Айва Ясилененемен туу көрсеткіштерінің негізгі үрдістері жөнінде пікір алмасу өтті. Зерттеуші әлемнің ондаған еліндегі туу үдерістерінің негізгі тенденцияларына мониторинг және талдау жүргізеді. Оның ішінде Қазақстан үшін де өзекті болып отырған бала тууды кейінге қалдыру және туу кезектілігінің өзгеру динамикасы сияқты мәселелер қамтылады.
Сондай-ақ Домантас Жасилиониспен өткен ғылыми пікір алмасу аса пайдалы әрі мазмұнды болды. Оның ғылыми қызығушылықтары өмір сүру ұзақтығы мен өлім-жітім құрылымындағы өзгерістерді, отбасы мен неке құрылымдарының эволюциясын, әлеуметтік әл-ауқат көрсеткіші ретіндегі репродуктивтік тәжірибелердің этикалық аспектілерін және басқа да демографиялық мәселелерді қамтиды.
Украинадағы демографиялық үдерістерді зерттеуші Наталья Левчукпен болған әңгіме де үлкен қызығушылық тудырды.
Росток қаласындағы Демографиялық зерттеулер институтына сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – «DSR» МҒЗО мен POPULATION EUROPE зерттеушілері және сарапшыларымен ғылыми байланыс орнату мүмкіндіктерінің талқылануы болды. POPULATION EUROPE – демографтар мен ғылымның сабақтас салаларындағы мамандарды біріктіретін халықаралық ғылыми қауымдастық.
POPULATION EUROPE сарапшылар желісі: https://population-europe.eu/network/expert-portraits.
Макс Планк қоғамының Демографиялық зерттеулер институтының қызметі туралы толық ақпарат институттың ресми сайтында берілген: https://www.demogr.mpg.de/en.