Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының VIII халықаралық форумы аясында 6 қазақстандық ЖОО ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Серікбаев университеті мен Гренобль политехникалық институты арасында жасалған келісім-шарт екі ЖОО арасындағы ғылыми және академиялық қарым-қатынастың нығаюына жол ашады деп күтілуде.
Меморандум екі университетке де халықаралық және жергілікті қаржыландырылатын ғылыми және академиялық жобаларды бірлесіп әзірлеуге және оны дамытуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық қарым-қатынас оқытушылар мен студенттерді екі ел арасында өзара алмастырудан, ортақ инновациялық жобалар жасау мен басылымдарды бірлесіп шығарудан басталады.
Гренобль политехникалық институты (Grenoble Institut National Polytechnique - Université Grenoble Alpes) - Франциядағы ең ірі және беделді техникалық ЖОО бірі. Бүгінгі таңда институт құрамына сегіз инженерлік және әкімшілік мектеп кіреді, ол ұлттық мәртебеге ие және Еуропаның нанотехнология саласындағы ең ірі зерттеу орталықтарының бірі - Minatec жобасының мүшесі.
Меморандумға Серікбаев Университетінің Стратегия және интернационализация жөніндегі проректоры Ертай Султан мен Гренобль университетіне қарасты PHELMA институты директорының орынбасары Jean-Emmanuel Broquin қол қойды.