ШҚТУ-да университет өкілдері мен «Өскемен ЖЭО» ЖШС қызметкерлерінің жұмыс кездесуі өтті. Бұл шара білім беру мен кәсіби әріптестікті дамытудағы маңызды қадам болып, университет пен өңірдің өнеркәсіптік секторы арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.
Кездесуге Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы Айбек Ақаев, деканның орынбасары Гүлмира Байзақова, Мансап орталығының директоры Светлана Трофименко, аға оқытушылар Асел Нұрғалиева мен Айжан Сарсенова, сондай-ақ Мансап орталығының маманы Тахмина Кондыбаева қатысты. «Өскемен ЖЭО» тарапынан корпоративтік оқу орталығының директоры Наталья Слободчикова мен заңгер Назгүл Азатқызы қатысты.
Кездесу СҚЭМ деканы Айбек Ақаев пен Наталья Слободчикованың құттықтау сөздерінен басталды. Олар білікті мамандарды дайындау үшін білім беру және өндірістік секторлардың өзара әрекеттесуінің маңыздылығын атап өтті.
Шараның маңызды сәттерінің бірі «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламасының оқытушыларына «Өскемен ЖЭО» базасында тағылымдамадан сәтті өткендері үшін сертификаттар табыстау болды. Бұл оқиға оқу процесінде практикалық бағытқа басымдық берудің және кадрларды даярлаудың маңыздылығын көрсетті.
«Электр энергетикасы» және «Жылу энергетикасы» білім беру бағдарламаларының жетекшілері 2024 жылы «Өскемен ЖЭО» корпоративтік оқу орталығы базасында ашылған ШҚТУ филиалының жұмысына қорытынды жасады. Олар тағылымдамаларды ұйымдастыру, студенттер мен оқытушылар үшін оқу-өндірістік тәжірибелерді іске асыру бойынша жетістіктерді атап өтіп, әрі қарай дамудың негізгі бағыттарын белгіледі.
Сонымен қатар тараптар филиалдың келесі жылға арналған жұмыс жоспарын талқылады. Ерекше назар дуальды оқыту жүйесін енгізу мүмкіндіктеріне аударылды. Бұл студенттердің теориялық білімді кәсіпорында тәжірибемен үйлестіруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлерін докторантураға қабылдауға дайындау, университет оқытушыларының жүйелі тағылымдамаларын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Еркін талқылау барысында бірқатар мәселелер анықталды. Олардың қатарында филиалдың нормативтік құжаттарын заңды рәсімдеу, студенттерді кәсіби тәжірибеге қабылдаудағы қиындықтар және кәсіпорында жұмыс істеп жүрген түлектермен байланысты сақтаудың оңтайлы жолдарын табу мәселелері бар.
Кездесу екі тараптың ынтымақтастықты тереңдетуге деген қызығушылығын көрсетті. Ұсыныстар қатарында кәсіби тәжірибені ұйымдастыру бойынша кешенді келісімшарт жасау, «Өскемен ЖЭО» ЖШС қызметкерлеріне кәсіби бағдар беру және университет оқытушыларының жүйелі тағылымдамаларына арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеу бар.
Осындай бастамалар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды табысты дайындаудың және өңірдің ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтудың кепілі болып табылады.