Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл тарихи шешім ШҚТУ дамуының жаңа кезеңін бастап, университет ұжымының көпжылдық еңбегі, ғылымды жүйелі дамытуы және сұранысқа ие технологиялар жасауға деген ұмтылысы нақты нәтижеге жеткізетінін көрсетті.
Бұл жетістіктің өңірлік техникалық университетке тиесілі болуының маңызы ерекше. ШҚТУ озық ғылым мен инженерлік инновациялардың қуатты өндіріс, кәсіби мамандар және нақты технологиялық міндеттер тоғысқан өңірде де табысты дами алатынын дәлелдеді. Бүгінде университет Шығыс Қазақстанның және тұтас еліміздің технологиялық дамуына тірек болатын жетекші ғылыми-білім беру орталығына айналып келеді.
Соңғы жылдары ШҚТУ-да заманауи зерттеу экожүйесі қалыптасты. 2025 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың көлемі 4,2 млрд теңгеге жетіп, ғылымның университет бюджетіндегі үлесі 32,6%-ды құрады. Барлығы 253 жоба мен келісімшарттық зерттеу жүзеге асырылды, оның 188-і кәсіпорындардың тапсырысы бойынша орындалды. Бұл көрсеткіштердің артында ғалымдардың тың идеялары, жас зерттеушілердің ізденісі және өндіріс пен қоғамның дамуына ықпал ететін нақты әзірлемелер тұр.
Университеттің ғылыми жетістіктері халықаралық деңгейде мойындалды. ШҚТУ Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасының конкурстық іріктеуінен сәтті өткен Қазақстандағы алғашқы университет атанды. TiBeRIUM жобасы шеңберінде университет 12 елдің 25 ұйымымен бірлесіп, титан мен бериллийді зерттеу және өңдеудің экологиялық тұрғыдан орнықты технологияларын әзірлеуде.
ШҚТУ-да тау-кен металлургия кешені саласындағы Академиялық және зерттеу артықшылығы орталығы, Сыни материалдар және тұрақты металлургия институты, Қазақстан-Германия ғылым және технологиялар институты, VERITAS және PROFCOAT ғылыми орталықтары, Лу Бань шеберханасы, SMART Driving Technology инжинирингтік орталығы және «Алтай» технопаркі дамып келеді. Университет ғалымдары әзірлеген медициналық имплантаттар 150-ден астам пациентті емдеуде қолданылды. Бұл ғылыми идеяның адамға, өндіріске және қоғамға қажетті нақты шешімге айналуының жарқын көрінісі.
Зерттеу университеті мәртебесі - қол жеткізілген нәтижелерге берілген жоғары баға ғана емес, болашақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Жаңа мәртебе ғылыми мектептерді дамытуға, халықаралық зертханалар құруға, талантты ғалымдар мен жас зерттеушілерді тартуға, әзірлемелерді коммерцияландыруға және инновацияларды өндіріске енгізуге кең мүмкіндік береді.
Алда жаңа ғылыми жаңалықтар, технологиялық шешімдер мен халықаралық деңгейдегі жобалар күтіп тұр. ШҚТУ студент зерттеушіге айналатын, идея технологияға ұласатын, ал университет ғылымы өңір мен ел игілігіне қызмет ететін ортаны одан әрі дамытады.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың оқытушыларын, ғалымдарын, қызметкерлерін, студенттерін, түлектері мен серіктестерін осы тарихи жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа мәртебе — үлкен университет қауымдастығының ортақ жеңісі. Бұл жетістік жаңа идеяларға серпін беріп, биік мақсаттарға бастасын! Біз бірге ШҚТУ тарихының жаңа тарауын ашып, Қазақстанның технологиялық болашағын қалыптастырамыз!

