ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың тәуелсіз кеңесшісі Kim Jin Ha "Allur компаниялар тобы" АҚ делегациясының құрамымен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде болды. Олар оқу процесінің әдістемесімен, құзыреттілік орталықтарымен, Лу Бань шеберханасымен, артықшылық орталықтарымен және университеттің зертханаларымен танысты.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының тәуелсіз кеңесшісі Kim Jin Ha Қазақстанның көптеген қалаларында болып, еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында оқу үдерістерімен танысқанын атап өтті.
- Менің байқағаным, Қазақстанда даму үшін барлық мүмкіндіктер толықтай пайдаланылмайды. Алайда мемлекеттің даму әлеуеті өте жоғары. Мысалы, мен көптеген тауарлардың шетелден әкелінетінін байқадым, бірақ оларды елде өндіруге болады, деп атап өтті Kim Jin Ha.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының тәуелсіз кеңесшісі ішкі өндірістерді құру көптеген факторларға негізделгенін атап өтті. Олардың бірі - университеттер мен өндірістік кәсіпорындардың тұрақты бірлескен жұмысы. Мұндай ынтымақтастық Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, өңірдегі ең ірі тау-кен металлургиялық компаниялардың бірі - "Казцинкпен" ШҚТУ-да мамандарды бірлесіп даярлау және кейіннен жұмысқа орналастыру тұрғысынан ынтымақтастық жолға қойылған. Компания қызметкерлерін оқыту және дамыту басқармасының базасында оқу орталығы жұмыс істейді, онда ШҚТУ оқытушылары "Казцинк" қызметкерлерін оқытады. Сондай - ақ, компания мен университет "Казцинкқа" қажетті бағыттар бойынша мамандарды бірлесіп дайындайды. Компания өзінің базасында оқуды, тағылымдаманы төлейді және оқуды аяқтағаннан кейін ШҚТУ түлектері үшін дайын жұмыс орындарын ұсынады.