Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға Ұлыбританияның Астанадағы Елшілігінің Бірінші хатшысы, Бизнес және сауда департаментінің директоры МакКендрик Бет Мэй бастаған делегация келді. Қонақтар университеттің материалдық-техникалық базасымен, «VERITAS» қызерттілік орталығы, құрылыс және құрылыс технологиялары саласындағы құзіреттілік орталығы, су ресурстарын басқару және суды пайдалану құзіреттілік орталығы және «SMART ENGINEERING» құзыретті орталығы жұмыстарымен танысты.

Сапар барысында Қазақстан мен Ұлыбритания университеттері арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ халықаралық конференцияларға қатысу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Делегация елдер арасындағы жаңа бастамалар мен жобаларға негіз бола алатын академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты. ШҚТУ ректоры Рахметуллина Сәуле университеттің Ұлыбритания университеттерімен ынтымақтастық орнатқанын, көптеген оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердің Тұманды Альбионда тағылымдамадан өткенін атап өтті.

– Менің сапарымдағы мақсатым – Шығыс Қазақстанның тау-кен және ауыл шаруашылығы салаларындағы мүмкіндіктерін зерттеу. Мен бұл екі бағыт сіздің университетіңіз үшін маңызды екенін білемін», - деді Маккендрик Бет Мэй. – Елшілікте білім беру саласы біз үшін ең маңызды және біз болашақта қалай бірлесіп жұмыс істей алатынымызды талқылау үшін осындамыз. Қазіргі таңда біз дамытатын бағыттардың бірі – тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастық, атап айтқанда маңызды пайдалы қазбаларды игеру.

Бұл сапар ШҚТУ халықаралық байланыстарын нығайтудағы маңызды қадам болды және университет студенттері мен оқытушыларына әлемдік аренада жаңа мүмкіндіктер береді.