2025 жылғы 19 наурызда Erasmus+ бағдарламасының ERASMUS-EDU-2023-CBHE жобасы - «Дөңгелек экономика және тұрақты даму саласындағы инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу - CirculEC» аясында Орталық Азия елдерінен келген жоба серіктестері, соның ішінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өкілдері Германияның Лемго қаласындағы Lemgo инновациялық кампусына оқу сапарымен барды.
Lemgo инновациялық кампусы - бұл тұрақты даму мен цифрлық технологиялар саласындағы жетекші орталық, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, технологиялық компаниялар мен стартаптарды біріктіретін бірегей экожүйе. Мұндай интеграциялық тәсіл ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіпке енгізуге, ақылды өндірісті, интернет-технологияларды және жасыл экономиканы дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Кампус цифрландыру, автоматтандыру, энергия үнемдеу және жаңа буын мамандарын даярлау бағыттары бойынша белсенді қызмет атқарады.
Сапар барысында қатысушылар кампустың бірнеше негізгі зертханалары мен демонстрациялық орталықтарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, SmartFactoryOWL алаңында роботтандырылған жүйелер мен жасанды интеллект көмегімен зияткерлік өндіріс саласындағы шешімдер әзірленіп, сынақтан өткізілуде. Сондай-ақ қатысушылар Цифрлық инновациялар орталығының жұмысын көрді, онда автоматтандыру және IoT технологияларымен айналысатын стартаптар қолдау табуда. Қонақтар Энергетикалық зертханада болып, жаңартылатын энергия көздері мен ресурстарды тиімді басқару технологияларының сынақтан өту барысымен танысты.
Инновациялық кампусқа сапар цифрландыру мен тұрақты дамудың үйлесімді қатар жүре алатынын, әрі олардың заманауи өнеркәсіп пен білім беру жүйесінің бірін-бірі толықтыратын стратегиялық бағыттары екенін айқын көрсетті. Ақылды технологияларды қолдану, тұйық өндірістік циклдерге көшу, қалдықтар мен көміртегі ізін азайту - мұның барлығы жауапты әрі инновациялық болашақты құруға ықпал етеді.
Lemgo инновациялық кампусына жасалған бұл экскурсия CirculEC жобасы аясындағы маңызды білім беру кезеңдерінің бірі болды. Қатысушылар тұрақты технологияларды енгізу мүмкіндіктері туралы тереңірек түсінік алып, өз университеттері мен елдерінде осыған ұқсас бастамаларды іске асыруға шабыттанды. ШҚТУ үшін бұл сапар тәжірибеге бағытталған оқыту моделін қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды, онда тұрақтылық пен инновациялар - болашақ инженерлік білім берудің өзара байланысты және ажырамас құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.