2025 жылдың 18 наурызында Германияның Билефельд қаласындағы FHM қолданбалы ғылымдар университетінің (Fachhochschule des Mittelstands) базасында Erasmus+ бағдарламасы аясындағы ERASMUS-EDU-2023-CBHE халықаралық жобасы - «Дөңгелек экономика және тұрақты даму саласындағы инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу - CirculEC» бойынша «CIRCO Methodology: Products that Last» тақырыбында воркшоп өткізілді.

Іс-шараға Орталық Азия елдерінен келген жоба серіктестері қатысты. Олардың қатарында жоба грант иегері әрі үйлестірушісі болып табылатын Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өкілдері де бар. Университет халықаралық деңгейде оқытудың тұрақты тәсілдерін дамыту және инновациялық тәжірибелерді енгізу жолында маңызды рөл атқарып келеді.

Воркшоп аясында ұсынылған CIRCO әдіснамасы ұзақ мерзімді қолдануға арналған өнімдер жасауды көздейді және үш кезеңнен тұрады: бастау, идея ұсыну және жүзеге асыру. Бұл тәсіл дәстүрлі сызықтық өндіріс үлгілерін дөңгелек және тұрақты құн тізбектеріне айналдыруға бағытталған.

Қатысушылар шағын топтарда жұмыс істей отырып, нақты мысалдар негізінде тұрақты дизайн стратегиялары мен бизнес-модельдер жасақтады. Мәселен, жиһаз өндірісіне арналған кейс барысында дәстүрлі бір реттік сату моделі орнына лизинг тәсілі ұсынылды: тұтынушылар жиһазды пайдаланған соң оны қайтарып береді, ал компания өнімді қайта жөндеп немесе жаңа өнімдер жасау үшін материалдарын қайта өңдейді. Мұндай үлгі ағашты тұтынуды 30%-ға қысқартуға, ал қайталама өндіріс циклдері есебінен пайданы 15%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

CIRCO әдіснамасы тек бизнестің тиімділігіне ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаға да оң әсер етеді: ресурстарды қайта пайдалану арқылы шикізат пен қалдықтарды жою шығындары төмендейді, көміртегі ізінің деңгейі азаяды және табиғи ресурстар сақталады.

ШҚТУ-дың CIRCO әдістемесін игеруі университеттің білім беру үдерісіне экологиялық жауапкершілік пен инновацияға негізделген шешімдерді енгізуге деген тұрақты ұмтылысын көрсетеді. CirculEC жобасы аясында университет ғылыми-әдістемелік әлеуетін арттыра отырып, тұрақты академиялық ортаны қалыптастыруға және нақты секторда дөңгелек экономика қағидаттарын іске асыруға қабілетті жаңа буын мамандарын даярлау ісін жалғастыруда.