2025 жылғы 17-20 наурыз аралығында Германияның Билефельд қаласындағы FHM қолданбалы ғылымдар университетінің (Fachhochschule des Mittelstands) базасында Erasmus+ бағдарламасы аясындағы ERASMUS-EDU-2023-CBHE халықаралық жобасы - «Дөңгелек экономика және тұрақты даму саласындағы инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерін әзірлеу - CirculEC» бойынша оқу семинарлары басталды.

Аталған жобаның грант иегері және үйлестірушісі ретінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Орталық Азия елдерінің академиялық қауымдастығында орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуде негізгі әдістемелік және ұйымдастырушылық рөлді атқаруды жалғастырып келеді.

Семинар бағдарламасы профессор Мелани Айкенбуш жүргізген «Экологиялық менеджмент» (Environmental Management) тақырыбындағы сессиямен ашылды. Воркшоп барысында әрбір қатысушы ел тұрақты даму тақырыбын қамтитын пәндердің құрылымы мен мазмұнын жаңғыртуға бағытталған топтық жобаларын таныстырды. Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген командалар бірлесіп жұмыс істей отырып, жаңа курстар қай білім беру бағдарламаларына енгізілетіні, оқыту мақсаттары қандай болатыны, бағалау түрлері қалай өзгеретіні және жаңартылған мазмұн қандай болатыны туралы нақты ұсыныстар әзірледі. Осы негізде бакалавриат пен магистратура деңгейлерінде түрлі мамандықтар бойынша жаңа және қайта құрылымдалған пәндер ұсынылды.

Семинар шеңберіндегі маңызды іс-шаралардың бірі - профессор Рульф Трейдельдің «Packless» жобасы бойынша таныстырылымы болды. Ол әртүрлі қаптама түрлерінің, әсіресе полиэтилентерефталат (ПЭТ) пен қағаз пакеттерінің өндірісі мен тасымалдануына байланысты көміртек ізінің деңгейіне тоқтала отырып, олардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін жан-жақты сипаттады. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдері арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сүйене отырып, профессор Трейдель ПЭТ пакеттердің кеңінен қолданылатынын атап өтіп, балама тұрақты шешімдерді әзірлеудің өзектілігін ерекше атап көрсетті.

ШҚТУ-дың Германиядағы осы білім беру семинарларына қатысуы университеттің халықаралық бастамаларды іске асырудағы белсенділігін және білім беру процесін жаңғыртудағы үйлестірушілік миссиясын тағы бір мәрте дәлелдейді. CirculEC жобасы аясында университет экологиялық жауапкершілікті, инновациялық ойлауды және тұрақты даму қағидаттарын білім беру үдерісіне енгізе отырып, жаңа буын мамандарын даярлау ісіне үлес қосуын жалғастыруда.