Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті үшінші жыл қатарынан THE Interdisciplinary Science Rankings рейтингінде ұсынылып отыр. 2027 жылғы шығарылымда ШҚТУ әлемдік рейтингтің 601-800 тобына еніп, Қазақстан университеттері арасында 4-орын алды.
ШҚТУ-дың ең жоғары нәтижесі - Process көрсеткіші бойынша 70,8 балл. Бұл - рейтингте орын алған Қазақстан университеттері арасындағы ең жоғары баға. Аталған көрсеткіш университеттің пәнаралық зерттеулерді қалай ұйымдастырып, қолдайтынын бағалайды: зерттеу топтарын инфрақұрылыммен және әкімшілік қолдаумен қамтамасыз етуін, сондай-ақ олардың жұмыс нәтижелерін бағалау жүйесін қамтиды.
Қалған екі бағыт бойынша ШҚТУ зерттеу ресурстары (Inputs) үшін 30,8 балл, ал зерттеу нәтижелері (Outputs) үшін 19,2 балл алды.
2027 жылғы рейтингке 102 ел мен аумақтан 1 058 университет енді. Рейтингте нақты орын алған қазақстандық университеттердің саны үштен тоғызға дейін өсті; еліміздің тағы 13 университеті Reporter мәртебесінде ұсынылған. ШҚТУ үшінші жыл қатарынан осы рейтингтегі Қазақстанның үздік бес университетінің қатарында қалып отыр.
THE Interdisciplinary Science Rankings рейтингін Times Higher Education ұйымы Schmidt Science Fellows бағдарламасымен бірлесіп жасайды.
