Ресей Федерациясының Алтай өлкесіндегі Белокуриха қаласында Алтай мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Алтай–Азия 2026: Еуразиялық білім беру кеңістігі – жаңа сын-қатерлер мен үздік тәжірибелер» атты VII Халықаралық білім беру форумы өтті.

Форумға Ресей, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 500-ден астам қатысушы – ғылыми қауымдастық, жоғары оқу орындары, бизнес және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар экономиканың кадрларға деген өзекті қажеттіліктерін және білім беру бағдарламаларын дамытудың перспективалық бағыттарын талқылады.

Форумда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өкілдері спикер ретінде сөз сөйледі.

«Мүмкіндіктер архитектурасы: таңдаудан нәтижеге дейін» атты бірінші трек аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма мүшесі – халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Арайлы Сарсембаева «Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен өнеркәсіп арасындағы өзара тиімді әріптестік стратегиясы: инженерлік білім берудің ұлттық моделінен технологиялар трансфері мен халықаралық кооперацияға дейін» тақырыбында университет тәжірибесін таныстырды.

Баяндама барысында жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған ШҚТУ стратегиясының негізгі бағыттары ұсынылды. Бұл стратегия Қазақстанның технологиялық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Tеориялық білімді практикалық дағдылармен ықпалдастыруға, Industrial AI құзыреттер орталығын құруға, сондай-ақ университеттің халықаралық ынтымақтастығының нәтижелеріне ерекше назар аударылды.

«Университет кәсіпкерлік ортаның платформасы ретінде: интеграция, акселерация, даму» атты екінші сараптамалық тректе ШҚТУ Бизнес мектебі деканының орынбасары Аида Жанабаева «Инженерлік идеядан технологиялық кәсіпкерлікке дейін: Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ моделі және үздік тәжірибелері» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамада білім мен инженерлік идеяларды практикалық шешімдерге, өнімдерге және жаңа экономикалық мүмкіндіктерге айналдыруға мүмкіндік беретін ШҚТУ-дың кәсіпкерлік экожүйесі таныстырылды. Шығыс Қазақстанның индустриялық өңір ретіндегі ерекшелігін ескере отырып, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылды.

Форумның ресми бағдарламасымен қатар, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Алтай мемлекеттік университетінің өкілдері ШҚТУ Бизнес мектебінің магистратура білім беру бағдарламасын интеграциялау және оны ШЫҰ Университеті аясында қос дипломды білім беру бағдарламасы форматында іске асыру перспективаларын талқылады.