2026 жылғы 18 мамырда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ректоры, профессор Вилаят Валиев бастаған Әзербайжан техникалық университеті ресми делегациясын қабылдады.
Бағдарлама университеттің қытайлық индустриялық және білім беру серіктестерімен бірлесіп құрылған флагмандық жобаларының бірі — Luban Workshop зертханасымен танысудан басталды. Қонақтар зертхананың заманауи технологиялық жабдықталуын және оның өңір өнеркәсібі үшін инженерлік кадрлар даярлаудағы маңызын жоғары бағалады.
Одан кейін делегация ШҚТУ-дың Артықшылықтар мен құзыреттілік орталықтарын аралады. Атап айтқанда, «SMART ENGINEERING» орталығы, Құрылыс және құрылыс технологиялары құзыреттілік орталығы, Су шаруашылығы және су пайдалану саласындағы құзыреттілік және технологиялар трансфері орталығы, «VERITAS» артықшылық орталығы, сондай-ақ «Алтын Алтай» музейі таныстырылды.
Қонақтар өңірдің өндірістік әлеуетімен танысып, сирекжер металдарын өндіруші жетекші кәсіпорындардың бірі саналатын Үлбі металлургиялық зауыты музейіне, сондай-ақ «Эмиль» фабрикаға барды.
Күннің қорытындысы ретінде өндірістік нысандарды аралағаннан кейін Әзербайжан техникалық университеті делегациясының Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті басшылығымен ресми кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағыттарындағы екіжақты академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Әзербайжандық әріптестердің сапары - Еуразиялық білім беру кеңістігіндегі екі техникалық университет арасындағы тұрақты серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.