Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымы тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы Калиева Канша Саветқанқызын 50 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!

Канша Саветқанқызы – тарихи ғылым мен жоғары білімнің дамуына көп жылдарын арнаған білікті маман әрі зерттеуші. Оның кәсіби қызметі терең ғылыми ізденіспен, жауапкершілікпен және педагогикалық іске деген адалдықпен ерекшеленеді.

Ол Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдап, осы оқу орнында магистратурада білімін жалғастырды. 2004–2007 жылдары Ресей Федерациясының Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінің аспирантурасында «Деректану, тарихнама және тарихи зерттеу әдістері» мамандығы бойынша білім алды. Алған білім мен ғылыми тәжірибесі оның әрі қарайғы жемісті ғылыми-педагогикалық қызметіне берік негіз болды.

Канша Саветқанқызының кәсіби еңбек өтілі 26 жылдан асады. Әр жылдары Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде оқытушы, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жалпы тарих кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, қауымдастырылған профессоры және доценті қызметтерін атқарды, сондай-ақ Гуманитарлық ғылымдардың оқу-ғылыми зерттеу орталығында аға ғылыми қызметкер болды. 2013 жылы ол «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығын құру бастамашы болып, оның алғашқы директоры қызметін атқарды. Сонымен қатар Астана қаласындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында бас сарапшы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шығыстану кафедрасында доцент болып жұмыс істеді. 2016 жылдан бастап Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастырып келеді.

Канша Саветқанқызы халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа белсенді қатысады. Ол «Біздің ортақ үйіміз – Алтай» халықаралық үйлестіру кеңесінің сарапшысы, Корея, Қытай, Моңғолия және Ресейде өткен халықаралық ғылыми конференциялардың қатысушысы, Үлкен Алтайдың халықаралық жастар мектептерінің жетекшісі әрі үйлестірушісі. Оның ғылыми еңбектері мен монографиялары ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, шетелдік баспаларда жарияланған.

Көпжылдық ғылыми-педагогикалық қызметі, жоғары кәсібилігі, белсенді қоғамдық ұстанымы және өз ісіне деген адалдығы Канша Саветқанқызына әріптестері мен студенттерінің зор құрметін сыйлады.

Құрметті Канша Саветқанқызы!

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ұжымы Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық табыс, жаңа ғылыми жетістіктер және кәсіби қызметіңізде толағай табыстар тілейді. Сіздің мол тәжірибеңіз бен жоғары кәсібилігіңіз ғылым мен білімнің дамуына қызмет етіп, еңбегіңіз әрдайым жемісті болсын!