Астана қаласында Шығыс Қазақстан облысының Creative Hub таныстырылымы өтті. Іс-шара барысында өңірдің креативті әлеуеті, инновациялық әзірлемелері мен перспективалы жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Шара білім, ғылым және шығармашылық саласының өкілдерін біріктіріп, заманауи шешімдерді таныстыру мен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.

Таныстырылымның жарқын қатысушыларының бірі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті болды. Университет көпшілік назарына AI-Sana интеллектуалды робот-гидін ұсынды.

AI-Sana – қазақстандық жоғары оқу орындары арасында толықтай ШҚТУ мамандары әзірлеген, заманауи жасанды интеллект технологияларына негізделген алғашқы интеллектуалды робот-гид. Робот келушілермен интерактивті диалог жүргізіп, қажетті ақпаратты ұсынып қана қоймай, жасанды интеллект технологияларының білім беру, ғылым және қоғамдағы қолдану мүмкіндіктерін көрнекі түрде көрсетеді.

Осындай іс-шараларға қатысу ШҚТУ-дың ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетінің жоғары деңгейін айқындап, студенттер, жас ғалымдар мен зерттеушілердің перспективалы жобаларын республикалық деңгейде танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.