Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың қатысуымен өткен Қазақстан–Бельгия ректорлар форумының жұмысына белсенді қатысты. ШҚТУ форумның бірнеше алаңында ғылыми әзірлемелері мен перспективалы жобаларын таныстырды.

Халықаралық кездесу екі елдің бейінді министрлерін, Қазақстанның 18 және Бельгияның 11 университеті мен ғылыми-зерттеу ұйымының басшыларын біріктірді. Қатысушылар білім, ғылым, жасанды интеллект және цифрлық трансформация салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасанды интеллектіні меңгеруден оны білім беру үдерісінде, зерттеулер мен технологиялық жобаларда практикалық қолдануға көшудің маңызын атап өтті.

ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина инженерлік университетте жасанды интеллектіні дамыту моделін таныстырды. Оның негізінде AI+X формуласы жатыр. Бұл модельде жасанды интеллект инженердің жұмыс құралына айналады, ал ШҚТУ үшін X: көлік машинасын жасау, металлургия және аса маңызды материалдар.

Qazaq AI Research University-мен бірлесіп, университет «AI + көлік техникасы және технологиялары» магистрлік бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Бағдарламаның практикалық базасы студенттер беспилоттық көлік технологияларымен жұмыс істейтін Қазақстандағы алғашқы халықаралық Лу Бань шеберханасы болады.

AI-Sana бағдарламасы аясында ШҚТУ-дың алты мыңнан астам студенті білім алып, тоғыз дербес ЖИ-шешімін әзірледі. Олардың үшеуі AI-Sana ұлттық көрмесінде таныстырылды. Дүниежүзілік банктің қолдауымен құрылған Industrial AI құзыреттер орталығында нақты секторға арналған технологиялар жасалуда. Солардың бірі — өндірістегі қауіпті жағдайларды анықтайтын және «Қазмырыш» кәсіпорнында пилоттық сынақтан өтіп жатқан Smart Safety Monitor жүйесі.

ШҚТУ-дың Horizon Europe бағдарламасы аясындағы TiBeRIUM халықаралық жобасына қатысуына да ерекше назар аударылды. Жалпы бюджеті 8 млн еуроны құрайтын жоба титан мен бериллий ресурстарын зерттеуге және оларды экологиялық тұрғыдан тиімді өңдеу технологияларын әзірлеуге бағытталған. Қазақстан атынан жобаға ШҚТУ, Үлбі металлургиялық зауыты және Tenir Group қатысады, ал үйлестірушісі - Фрайберг тау-кен академиясы.

Форумның маңызды нәтижелерінің бірі: ШҚТУ, KU Leuven және SIM² Тұрақты металдар мен минералдар институты арасында Аса маңызды материалдарды зерттеу орталығын құру туралы меморандумға қол қойылуы. Орталық Қазақстан мен Бельгияның ғылыми құзыреттерін бірлескен зерттеулерге, академиялық алмасуға және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға жұмылдырады.

Форумның Astana Hub-та өткен жеке сараптамалық алаңында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігін вице-министр Гүлзат Көбенова таныстырды. ШҚТУ атынан Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект мектебінің Industrial AI құзыреттер орталығының жетекшісі Руслан Четтыкбаев сөз сөйледі. Оның баяндамасы жасанды интеллект пен көптілді коммуникацияға, сенім және адам сараптамасының рөліне арналды. Спикер ЖИ тілдік кедергілерді еңсеріп, білімге қолжетімділікті кеңейтетінін, алайда ақпараттың дәлдігі, мазмұны мен қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік адамда қалуға тиіс екенін атап өтті.

ШҚТУ-дың форумның бірнеше алаңына қатысуы университеттің кадр даярлау мен студенттік әзірлемелерден бастап, технологияларды өндіріске енгізу және халықаралық зерттеулер жүргізуге дейінгі кешенді тәсілін көрсетті. Қол жеткізілген уағдаластықтар бірлескен білім беру бағдарламаларын, академиялық алмасуды, зерттеу зертханаларын дамытуға және ғылыми әзірлемелерді кәсіпорындарға енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.