Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті қазақстандық білім беру жүйесін таныстырған санаулы жоғары оқу орындарының бірі ретінде халықаралық «Еуразиялық білім көрмесінде» өз орнын алды. Іс-шара Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Бішкек, Токмок, Балықшы және Қарақол қалаларында өтті.
Университет атынан кәсіби бағдар жөніндегі жетекші менеджер Құрманғалиева А. және қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Дауылбаева Ә. қатысты. Бұл шара ШҚТУ үшін жай ғана көрмеге қатысу емес, қазақстандық білім берудің халықаралық аренадағы беделін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Сапар аясында мектеп оқушылары мен колледж түлектерінен құралған 8200-ден астам жасөспірімге кәсіптік бағдар беру кездесулері мен таныстырылымдары өткізілді.
Негізгі нәтижесінде Бішкек тау-кен техникалық колледжімен және Бішкек қаласы мэриясының Білім басқармасымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Қырғызстанның жаңа білім беру ұйымдарымен байланыс орнатылды.
ШҚТУ-дың қатысуы ерекше маңызға ие болды: университет іс жүзінде Қазастаннан келген жалғыз өкіл ретінде қырғызстандық жастарға өз білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл тек кәсіптік бағдар жұмысының географиясын кеңейтіп қана қоймай, Қазақстанда болашақ мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін айқын көрсетті.
ШҚТУ үшін бұл оқиға университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтып, академиялық байланыстарды дамытуға және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған тағы бір айқын қадам болды.